«Корпорация Казахмыс» АҚ және Қазақстан Республикасының Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі арасында Жамбыл облысы Шу ауданындағы Шатыркөл кен орнынан мысты өндіруге арналған 2000 жылғы 4 желтоқсанындағы № 583 келісімшарты жасалған.
Пайдалы қазба кеніште жерасты тәсілімен өндіріліп, 45 шақырым аралығындағы Бірлік теміржол станциясындағы арнайы қоймаға автокөліктермен жеткізіледі.
Аталған кен орны орналасқан аумақтағы Шу ауданының Д. Қонаев, Бірлікүстем ауылы тұрғындары Шатыркөл кен орнынан мыс өндіру жұмыстарын жүргізу кезінде қоршаған ортаға және тұрғындардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіретіні туралы мәселе көтерген еді.
Аталған мәселе бойынша тиісті уәкілетті органдардың қатысуымен құрылған жұмыс тобы бүгін Шу ауданы Бірлікүстем ауылының мәдениет үйінде Д. Қонаев, Бірлікүстем ауылы тұрғындарының, «Корпорация Казахмыс» АҚ-ның, Шу ауданы әкімдігінің және тиісті уәкілетті органдардың (экология департаменті, көліктік бақылау департаменті) қатысуымен кездесу өткізілді.
Жиында «Корпорация Казахмыс» АҚ-ның «Шатыркөл» кен орнынан пайдалы қазбаны (мыс кені) ашық түрде тасымалдауы (жүктің үсті арнайы жапқыштармен жабылмаған), пайдалы қазбаларды кеніштен қоймаға дейін (Бірлік станциясына) тасымалдау кезінде жолдарға шаң басу жұмыстары жүргізілмейтіндігі және пайдалы қазбаның радиациялық шекті мөлшерінің сақталуы туралы сұрақтар талқыланды.
Жұмыс тобының жетекшісі болып облыс әкімдігінің табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы А.Оразбеков арнайы қатысты. Басқарма басшысы «Корпорация Казахмыс» АҚ-ның «Шатыркөл» кен орнынан пайдалы қазбаны өндіруге арналған келісімшарты міндеттемелерінің орындалуына тиісті орталық атқарушы органның құзырында болуын ескере отырып, бұл мәселе Жамбыл облысы өңірінде орын алып отырғандықтан жергілікті атқарушы орган ретінде назардан тыс қалдырмайтынын жеткізді.
«Корпорация Казахмыс» АҚ-ның өкілдеріне пайдалы қазбаны (мыс кені) ашық түрде тасымалдау (жүктің үсті арнайы жапқыштармен жабылмаған) мәселесі бойынша тасымалдаушы кәсіпкерлермен жасалған келісімшартқа жүктің үстін арнайы жапқышпен жабуды қарастыратын қосымша міндеттеме енгізу ұсынылды.
Сонымен қатар, жылдың көктем, жаз, күз мезгілдерінде пайдалы қазбаларды кеніштен қоймаға дейін (Бірлік станциясына) тасымалдау кезінде жолдарға шаң басу жұмыстарын мүлтіксіз орындауды ұсынды.
Сөз соңында басқарма басшысы пайдалы қазбаның радиациялық шекті мөлшерінің сақталуы туралы мәселе бойынша облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментіне арнайы сұраныс жолдап, жуық арада пайдалы қазбаны ауыл арасы тасымалдау шегінде лабораториялық тексеру жүргізіп, нәтижесін анықтауға ықпал ететінін жеткізді.