
2026 жылғы 29 мамыр күні Тараз қаласында құқықтық мәдениетті арттыруға және азаматтардың құқықтық сауаттылығын дамытуға бағытталған бірқатар маңызды іс-шаралар ұйымдастырылды. Атап айтқанда, сағат 10:00-де Достық үйінде медиаторлар форумы өтсе, сағат 15:00-де «Mart» сауда-ойын-сауық орталығында «Халық заңгері» акциясы өткізілді.
Аталған іс-шаралардың негізгі мақсаты – тұрғындардың құқықтық сауаттылығын арттыру, азаматтардың құқықтарын қорғау тетіктерін түсіндіру, сондай-ақ қоғамда медиация институтын кеңінен насихаттау болып табылады.
Медиаторлар форумына медиаторлар, заңгерлер, нотариустар, сот орындаушылары, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері, мемлекеттік органдардың мамандары және Тараз қаласының тұрғындары қатысты. Форумның ашылуында «Заңды сыйлау – өзіңді сыйлау» республикалық жобасының ұлттық сарапшысы, «Ұлттық медиаторлар палатасы» РҚБ басқарма төрайымы С.Ю. Романовская сөз сөйлеп, медиаторлардың қоғамдағы рөлі, дауларды сотқа жеткізбей шешудің маңызы және медиация институтының тиімділігі жөнінде атап өтті.
Сондай-ақ «Жамбыл облысының ҮЕҰ қауымдастығы» ЗТБ төрайымы А.О. Заурбекова сөз алып, өңірдегі медиаторлардың атқарып отырған жұмыстарына тоқталып, азаматтар арасындағы дауларды бейбіт жолмен шешуде медиацияның маңызын ерекше атап өтті.
Форум барысында қатысушылар «Жамбыл облысының үздік медиаторы – 2026» байқауы туралы ақпаратпен танысып, өңірде медиация саласын дамытуға бағытталған бастамалар жөнінде мәлімет алды.
Бүгінгі таңда медиация институтының қоғамдағы рөлі артып келеді. Медиаторлар азаматтық, еңбек және өзге де дауларды сотқа жеткізбей шешуге ықпал етіп, қоғамдағы тұрақтылық пен өзара түсіністікті нығайтуға үлес қосуда.
Осы күні өткен «Халық заңгері» акциясы аясында тұрғындарға мемлекеттік органдардың өкілдері тарапынан тегін құқықтық кеңестер берілді. Азаматтар өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, құқықтық көмек алды.
Аталған шара барысында Жамбыл облысы әкімдігінің табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының бас маманы Абылхан Александрович Сатенов азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдап, экология, табиғатты пайдалану, жасыл аймақтарды күтіп ұстау және қоршаған ортаны қорғау салаларына қатысты сұрақтарға заң аясында түсіндіру жұмыстарын жүргізді.
Тұрғындар көтерген мәселелер назарға алынып, оларды шешудің құқықтық жолдары түсіндірілді.
Өткізілген іс-шаралар өңір тұрғындарының құқықтық мәдениетін арттыруға және мемлекет пен азаматтар арасындағы кері байланысты нығайтуға ықпал етті.