Амманда (Иордания) жасөспірімдер арасында ұйымдастырылған Азия чемпионаты өз мәресіне жетті.
Сары құрлық додасына ел құрамасы сапында Жамбыл облысынан 6 спортшы бақ сынады.
Алғаш болып жамбылдықтар қоржынына қола жүлдені Мейіржан Шәді (64 кг) салды, сондай-ақ 80 келіде шаршы алаңда қарсылас шыдатпай, барлық қарсыластарын айқын басымдықпен ұтып Мұхамедали Рүстембек Азия чемпионы атанды.
Бұрымды былғары қолғап шеберлері арасында да әулиеаталық арулар жеңіс тұғырынан көрінді.
Қос қола медальды Әбдікерім Айдана (60 кг), Қоңырат Эльнура (+80 кг) иеленсе, Тұрсынбек Дильяра (66 кг) сары құрлық бәсекесінің чемпионы атанды.
Айта кетейік, World Boxing ұйымдастыруымен алғашқы Азия біріншілігіне құрлықтың 18 елінен 400-ге жуық спортшы қатысқан болатын.