НҰР АМАНШҮКІРОВ "ДАЛА ҚЫРАНДАРЫ" РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ТУРНИРІНІҢ ЖЕҢІМПАЗЫ

НҰР АМАНШҮКІРОВ "ДАЛА ҚЫРАНДАРЫ" РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ТУРНИРІНІҢ ЖЕҢІМПАЗЫ

Қазақтан шыққан тұңғыш Олимпиада чемпионы, Қазақстанның Еңбек ері Жақсылық Үшкемпіров атындағы «Жекпе-жек» сарайында «Qazaq kuresi» Ассоциациясының ұйымдастыруымен «Дала қырандары» республикалық турнирінің жалауы желбіреген болатын.

 Жарыстың салтанатты ашылу рәсіміне ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Дене шынықтыру және спорт комитетінің төрағасы әрі «Qazaq kuresi» Ассоциациясының Президенті Самат Ерғалиев, «Ұлттық спорт түрлері қауымдастығының президенті Исламбек Салжанов, Олимпиада чемпионы Серік Сәпиев, екі дүркін «Қазақстан барысы» Айбек Нұғымаров, сала ардагерлері Серік Төкеев, Марат Жақыт және Диханбай Биткөзов қатысты.

Жарысқа еңсегей бойлы, қаптағай денелі, рухы өр, тәні бекем 64 балуан қатысып, 55, 60, 66, 74, 82, 90, 100, +100 салмақта  жүлделерді сарапқа салған-ды.

Жамбыл облысы сапында 66 келіде белдескен Нұр Аманшүкіров «Дала қыраны» титулына ие болып, өз салмағының «Бас балуаны» атанды. Сондай-ақ, 10000 АҚШ доллары көлемінде қаржылай сыйақыға ие болды.


Жеңімпаз атанған 8 балуан алдағы желтоқсан айында Астана қаласында қазақ күресінен өтетін Әлем чемпионатына жолдама алды. Бас балуандар жаһандық додада ел намысын қорғайтын болады.