
Жамбыл облысында екінші мәрте ұйымдастырылған «Қызғалдақ мұра» халықаралық фестивалі жоғары деңгейде өтті.
Талас ауданы, Есейхан ауылында өткен ауқымды шараға 6 мыңға жуық адам қатысты. Олардың қатарында өңір басшысы мен шетелдік қонақтар бар.
Айта кетейік, Жамбыл өңірінде қызғалдақтың 18 түрі өссе, оның 10-ы Қызыл кітапқа енген. Табиғи байлығымызды сақтау мақсатында Нидерланд Корольдігі тарапынан аймаққа 40 мың түп қызғалдақ тұқымы сыйға тартылды.
Фестиваль аясында тау бөктерінде киіз үйлер тігіліп, ұлттық нақыштағы атмосфера қалыптасты. Сонымен қатар, спорттың 8 түрінен жарыстар ұйымдастырылып, үздіктер анықталды. Жеңімпаздар мен жүлдегерлер Ауыл партиясы демеушілігімен қаржылай сертификаттармен марапатталды.
Бұл фестивальдің басты мақсаты — табиғатты қорғау, ұлттық құндылықтарды дәріптеу және өңірдің туристік әлеуетін арттыру.