Меркі ауданының орталық стадионында Жамбыл облысы мен Өзбекстан құрама командаларының еркін күрес шеберлерінің қатысуымен «Merke Wrestling” халықаралық деңгейдегі жолдастық кездесуі ұйымдастырылды.
Бұл шара — тек спорттық бәсеке ғана емес, бауырлас елдер арасындағы достық пен ынтымақтастықтың тағы бір айқын көрінісі.
Мерейлі Меркі жеріндегі додаға арнайы дзюдодан Олимпиада чемпионы Сметов Елдос Бақтыбайұлы және еркін күрестен Рио Олимпиадасының қола жүлдегері өзбекстандық балуан Наврузов Ихтиор Каримұлы құрметті қонақ ретінде қатысты.
Боз кілемдегі алғашқы белдесу 57 келі салмақтағы өзбекстандық Азия чемпионатының жеңімпазы Рахимов Арслан мен жамбылдық Азия чемпионатының 3 дүркін жүлдегері Рахат Қалжан арасында өтті. Тартысқа толы кездесуде жеңіске Рахат Қалжан жетті.
Екінші белдесуде 61 келіде Азия чемпионатының күміс жүлдегері өзбекстандық Сайдтураев Асадбек және жасөспірімдер арасында Әлем чемпионатының күміс жүлдегері, жастар арасында Азия чемпионатының жүлдегері Нұрланбек Әбдінұр кездесті. Нәтижесінде Нұрланбек Әбдінұр басым түсті.
Үшінші айқас 70 келі салмақта Азия чемпионатының қола жүлдегері Кулдошев Мухаммадкодир мен Қазақстан Республикасы чемпионатының күміс жүлдегері Дүйсенқұл Қуаныш арасында өтті. Тартысқа толы кездесуде өзбекстандық жеңіске жетті.
Төртінші белдесуде 74 келі салмақта Азия чемпионатының жеңімпазы, Рио Олимпиадасының қатысушысы Рахмонов Аббос пен Әскерилер және студенттер арасында Әлем чемпионы, Азия чемпионатының бірнеше дүркін жүлдегері меркілік Аширов Мейіржан кездесті. Аса шиеліністі өткен кездесуде Аширов Мейіржан айласын асырды.
Бесінші кездесу 86 келі салмақта Азия чемпионатының жүлдегері Рузимбоев Бобур мен жастар арасында Әлем чемпионатының күміс жүлдегері Қуанышбай Нұрдаулет арасында өтті. Белдесу нәтижесі бойынша Қуанышбай Нұрдаулет жеңіске жетті.
«Merke Wrestling» жолдастық кездесуінде қорытындылаған 79 келі салмақ болатын. Боз кілемде Өзбекстан Республикасы чемпионатының жеңімпазы Абдуфаттохов Жоруло мен жергілікті балуан 23 жасқа дейінгі спортшылар арасында Әлем чемпионатының күміс жүлдегері Ергеш Дәулет кездесті. Тартысқа толы кездесуде жеңіске Дәулет айқын басымдықпен жеңіске жетті.
Барлық спортшылар қаржылай сыйақымен марапатталды.
Осылайша меркілік күрес сүйер қауымның ыстық ықыласына бөленген, екі ел балуандарын боз кілем бәсекесінде басын қосқан жолдастық кездесу өз мәресіне жетті.