Бокстан Кеңес одағының батыры, Бауыржан Момышұлын еске алуға арналған халықаралық турнир өз мәресіне жетті.
21-ші маусым бастау алған турнирге Өзбекстан, Тәжікстан, Оман Сұлтанаты, Иран, Ресей, АҚШ мемлекеттерінің және еліміздің барлық өңірлерінен спортшылар қатысқан болатын.
2009-2010 жылы туған жасөспірімдер 44 кг, 46 кг, 48 кг, 50 кг, 52 кг, 54 кг, 57 кг, 60 кг, 63 кг, 66 кг, 70 кг, 75 кг, 80 кг, + 80 келіде жүлделерді сарапқа салған-ды.
Батырдың есімі ұлықталған бәсекеде жамбылдықтар жалпы командалық есепте 3 алтын, 2 күміс және 3 қола жүлде еншілеп топ жарды.
Әулиеаталықтардан 60 келіде Сулейманоглы Ислам, 80 келіде Бауыржан Алиакбар және +80 келіде Рүстембек Мұхамедали жеңімпаз атанса, 57 келіде Оңалбек Нұрислам және 63 келіде Жүніс Мейіржан күміс жүлдені еншіледі, сондай-ақ, 50 келіде Ибрагим Елназар, 63 келіде Әлкен Жангелді және +80 келіде Бахыт Әбілмансұр турнирді қола медальмен қорытындылады.
Айта кетейік, аталған турнир қазақстандық спортшылар үшін III Азия ойындарына іріктеу болып табылады.