Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев «Еңбек жолы» республиқалық байқауының өңірлік кезеңінде үздік деп танылған азаматтарды марапаттады

Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев «Еңбек жолы» республиқалық байқауының өңірлік кезеңінде үздік деп танылған азаматтарды марапаттады

Салтанатты шарада аймақ басшысы жеңімпаздарды қыркүйектің соңғы жексенбісінде аталып өтетін Еңбек күнімен құттықтады.

– Еңбек – ел дамуының, қоғам тұрақтылығы мен халық әл-ауқатының негізі. Өңірде жүзеге асырылып жатқан әрбір жобаның және қол жеткізілген әрбір нәтижелі көрсеткіштің артында адамдардың қажырлы еңбегі тұр. Халқымыз: «Еңбегімен ер өсер» дейді. Бұл – тек адал әрі табанды еңбек қана игі нәтижеге жеткізетінін білдіретін өмірлік қағида. Мемлекет басшысы еңбек адамының мәртебесін көтеруге, еңбекқорлық пен кәсібилікті қоғамның басты құндылықтары ретінде дәріптеуге ерекше көңіл бөледі. «Адал азамат – Адал еңбек – Адал табыс» қағидатының түпкі төркіні де жауапкершілік пен адал еңбекпен тапқан табысқа саяды, – деп атап өтті Ербол Қарашөкеев.

Облыс әкімі тұрғындарды тұрақты жұмыспен қамтамасыз ету және азаматтардың табысын арттыру өңірдің басым міндеттерінің бірі екенін баса айтты.

Бүгінгі таңда Жамбыл облысының экономика салаларында 517 мыңнан астам азамат еңбек етуде. Биыл Өңірлік жұмыспен қамту картасы аясында 42,6 мың жұмыс орнын ашу жоспарланған. Сегіз айдың қорытындысы бойынша 31 мыңнан астам жұмыс орны құрылып, оның 24,1 мыңы – тұрақты.

– Біздің міндетіміз – тек жұмыс орындарын көбейту ғана емес, сонымен қатар азаматтарға тұрақты әрі қауіпсіз еңбек жағдайын жасау, лайықты жалақы төлеу. Бұл бағытта өңірге инвестиция тарту, жаңа кәсіпорындар ашу және жұмыс істеп тұрған өндірістерді кеңейту жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Инвестициялық жобалар пулына 2031 жылға дейін 116 жоба енгізілді. Оларды жүзеге асыру нәтижесінде 21 мыңнан астам тұрақты жұмыс орны ашылады. Бұл жобалар өңір экономикасының дамуына тың серпін беріп, халықтың табысын арттыруға және жұмысқа орналасу үшін жаңа мүмкіндіктер жасауға ықпал етеді, – деді облыс әкімі.

Шара барысында «Еңбек жолы» байқауының өңірлік кезеңінде жүлделі орын алған азаматтарға дипломдар мен ақшалай сертификаттар табысталды.

  • «Өндірістің үздік жас маманы» номинациясы бойынша Байзақ ауданынан келген Айгерім Қойшығұлова III орынды, Жамбыл ауданынан Аян Серік II орынды, Шу ауданынан Ыкыласбек Мейірхан I орынды иеленді.

  • «Жұмыс істейтін жастардың үздік тәлімгері» номинациясында Байзақ ауданынан Гульбакира Кошкарбаева III орынды, Тараз қаласынан Қымбат Нурманалиева II орынды, Дана Султашева I орынды жеңіп алды.

  • «Үздік еңбек әулеті» номинациясы бойынша Жуалы ауданынан бірнеше буыны өмірін білім беру саласына және өскелең ұрпақты тәрбиелеуге арнаған Мамытовтар отбасы III орынға ие болды. Тарихы Балқаш көліндегі балық кәсіпшілігімен тығыз байланысты Мойынқұм ауданының Теңізбаевтар әулеті II орынды иеленді. Ал I орын Қордай ауданында білім беру саласында көп жылдар бойы еңбек етіп келе жатқан Молдажановтар әулетіне берілді.

– Бұл жеңіс – бір адамның еңбегінің ғана емес, бір ғасырға жуық уақыт бойы қалыптасқан еңбектің бағасы деп ойлаймын. Бізге жол көрсеткен аға буынның алдында бас иеміз және олардың үлгілі жолымен мақтанамыз. Біздің ұстаздар әулетіміздің дәстүрі жалғасып, кейінгі ұрпаққа беріле беретініне сенімдімін, – деді «Үздік еңбек әулеті» номинациясында бірінші орын алған Асқарбек Молдажанов.

Айта кетейік, 2016 жылдан бері Жамбыл облысында «Еңбек жолы» байқауына 400-ге жуық азамат қатысты. Биыл байқаудың өңірлік кезеңіне өздерінің кәсіби жетістіктері мен еңбек жолын ұсынған 21 үміткер қатысты.