Көлікпен мүгедектігі бар адамдарды тасымалдау қызметтерін көрсету қағидаларына енгізілген өзгерістер туралы

Көлікпен мүгедектігі бар адамдарды тасымалдау қызметтерін көрсету қағидаларына енгізілген өзгерістер туралы

2025 жылы Қазақстан Республикасының Көлік министрлігі «Инватакси» автомобиль көлігімен мүгедектігі бар адамдарды тасымалдау қызметтерін көрсету қағидаларын жаңартты. Өзгерістер қызмет алу тәртібіне, қызмет көрсетуші компанияларға қойылатын талаптарға және тегін сапарлардың уақыттық лимиттеріне қатысты.
Кімдерге тиесілі және уақыт лимиті
Енді сапарларды әлеуметтік қызметтер порталы aleumet.egov.kz (бұдан әрі – Портал) арқылы рәсімдеуге болады. Сапарға тапсырыс беру үшін мүгедектігі бар адам немесе оның заңды өкілі электрондық өтінім жіберіп, қызмет көрсетушіні таңдап, Порталда тапсырыс ресімдеуі қажет. Сапарды растау электрондық қолтаңба арқылы жүргізіледі, ал аяқталғаннан кейін қызмет мобильдік қосымшада бағалануы тиіс.
Құжатта атап өтілгендей, инватакси алдымен жұмыс істейтін, білім алатын, мектепке дейінгі ұйымдардың тәрбиеленушісі болып табылатын мүгедектігі бар адамдарға олардың жұмыс, оқу немесе мектепке дейінгі ұйымның жұмыс кестесіне сәйкес көрсетіледі. Өзге мүгедектігі бар адамдарға қызмет олардың жүгіну тәртібі бойынша көрсетіледі.
Уақыт лимиттері белгіленді:
1) бір сапардың ең аз ұзақтығы 30 (отыз) минутты негізге ала отырып, бірінші топтағы мүгедек адамдар және екінші топтағы мүгедек адамдар болып табылатын жұмыс істейтіндерге айына жиырма бес сағат;
2) бір сапардың ең аз ұзақтығы 30 (отыз) минут негізге ала отырып, мектепке дейінгі ұйымдардың тәрбиеленушілеріне, білім беру ұйымдарында білім алушыларына айына жиырма бес сағат:
бірінші топтағы мүгедектігі бар адамдар;
кресло-арбамен қозғалатын екінші топтағы мүгедектігі бар адамдар;
18 жасқа дейінгі мүгедектігі бар балалар;
3) бір сапардың ең аз ұзақтығы 30 (отыз) минут негізге ала отырып, тізбеге сәйкес бағыттар бойынша мүгедектігі бар өзге адамдарға айына алты сағат.
Қызмет көрсетушіге қойылатын талаптар
1. Мүгедектігі бар адамдарды инватаксимен тасымалдау қызметін көрсететін жеткізушілерге қойылатын талаптар Қазақстан Республикасының «Автомобиль көлігі туралы» Заңының 26-бабына, осы Қағидаларға және ҚР СТ 2272-2024 «Таксимен жолаушыларды тасымалдау бойынша автокөлік қызметтері» ұлттық стандартына сәйкес белгіленеді. Оларға мыналар кіреді:
1) такси тасымалдаушысы ретінде қызметті бастауы туралы хабарлама болуы және «Рұқсаттар және хабарламалар туралы» заңға сәйкес мемлекеттік электрондық рұқсаттар және хабарламалар тізіліміне енгізілуі;
2) жолаушылар алдындағы тасымалдаушының азаматтық-құқықтық жауапкершілігін міндетті сақтандыру шартының болуы;
3) кемінде үш жыл жүргізушілік тәжірибесі бар, мүгедектігі бар адамдарға қызмет көрсету мәселелері бойынша оқытудан өткен жүргізушілерді қамтамасыз ету;
4) инватакси қызметін көрсету үшін такси тасымалдаушысы ретінде қызметті бастауы туралы хабарлама берген, мемлекеттік электрондық тізілімде тұрған, жолаушылар алдындағы азаматтық-құқықтық жауапкершілігін сақтандырған, сондай-ақ инватакси қызметтерін көрсету үшін қажетті персоналдың жұмыс жағдайларын (диспетчерлік қызмет, кемінде екі телефон нөмірі, сөйлесуді жазу құрылғылары, ұялы байланыс және интернет арқылы өтінім қабылдау мүмкіндігі) қамтамасыз еткен ұйым болуы. Автокөліктерде диспетчерлік қызметтің телефон нөмірі көрсетілген арнайы белгі/жазу болуы тиіс;
5) инватакси қызметтері І топтағы мүгедектігі бар адамдарға, арбамен жүретін ІІ топтағы мүгедектігі бар адамдарға, тұрғылықты жері бойынша тұрақты тіркелген 18 жасқа дейінгі мүгедектігі бар балаларға көрсетіледі;
6) ұйым инватакси қызметтерінің, оның ғимараттары мен құрылыстарының (бар болса) қолжетімділігін қамтамасыз етеді, ақпарат пен қызмет көрсету кезінде қажетті жағдайлар жасайды;
7) 12 жасқа дейінгі мүгедектігі бар балаларды инватаксида арнайы балаларға арналған ұстағыш құрылғысыз немесе қауіпсіздік белдігімен бекітуге мүмкіндік беретін өзге де құралдарсыз тасымалдауға жол берілмейді; сондай-ақ алдыңғы орында да арнайы ұстағыш құрылғысыз тасымалдауға болмайды;
8) Инватакси қызметтері 2013 жылғы 1 қарашадағы №859 бұйрыққа сәйкес айқындалған нысандар мен бағыттар бойынша көрсетіледі (жұмыс орны, оқу орны, мемлекеттік органдар, сот, прокуратура, әлеуметтік инфрақұрылым нысандары, заңгерлік және нотариалдық қызметтер, медициналық ұйымдар (жедел медициналық көмек жағдайларын қоспағанда), әуежайлар, теміржол және автовокзалдар, порттар, арнайы әлеуметтік қызметтер ұйымдары, массаж қызметтері ұйымдары).
2. Инватакси қызметтері бірінші кезекте жұмыс істейтін, оқитын, мектепке дейінгі ұйымдардың тәрбиеленушілері болып табылатын мүгедектігі бар адамдарға олардың жұмыс, оқу немесе ұйымның жұмыс кестесіне сәйкес көрсетіледі. Өзге адамдарға - өтінімдерінің түсу ретімен.
3. Инватакси күндіз, түнде, демалыс және мереке күндері 9:00 - 18:00 аралығында, қажет болған жағдайда нысандар бойынша құжаттық растаумен қызмет көрсетеді.
4. Мүгедектігі бар адамдар мен мүгедектігі бар балаларға кешкі және түнгі уақытта, сондай-ақ демалыс және мереке күндері қызмет көрсету үшін кемінде бір кезекші инватакси қарастырылуы тиіс.
5. «Тапсырыс беруші» тарапынан GPS-маяк арқылы тасымалдауды бақылау қамтамасыз етіледі.
6. Мүгедектігі бар балаларды тасымалдау ата-анасының және (немесе) заңды өкілінің ілесуімен, ал І топтағы мүгедектігі бар адамдарды - жеке көмекшінің/қарауын жүзеге асыратын адамның ілесуімен жүзеге асырылады.