Мүгедектігі бар адамдар күніне арналған салтанатты іс-шара

Мүгедектігі бар адамдар күніне арналған салтанатты іс-шара

2025 жылғы 10 қазан күні Жамбыл облысы әкімдігінің жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының ұйымдастыруымен облыстық әлеуметтік оңалту орталығында Мүгедектігі бар адамдар күніне арналған салтанатты іс-шара өтті.

Іс-шараға Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Айжан Есмағамбетова, «AMANAT» партиясы Жамбыл облыстық филиалының атқарушы хатшысының орынбасары Берік Телеушов, сондай-ақ облыс әкімінің мүгедектік мәселелері жөніндегі штаттан тыс кеңесшісі Әйгерім Дәулетбаева қатысты.

Салтанатты рәсім барысында әлеуметтік салада белсенді еңбек етіп, қоғам өміріне елеулі үлес қосқан азаматтарға облыс әкімінің Құрмет грамоталары, «AMANAT» партиясының және басқарманың Алғыс хаттары табысталды.

Іс-шараның концерттік бағдарламасында мүгедектігі бар азаматтар өздерінің шығармашылық өнерлерін көрсетіп, көрермендерге көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Шара соңында қатысушылар мен қонақтарға арналған мерекелік дастархан ұйымдастырылды.

Жалпы іс-шараға 150-ге жуық адам қатысты.

Мерекенің басты мақсаты – мүгедектігі бар адамдардың қоғам өміріне қосқан үлесін айқындау, инклюзия мен тең мүмкіндіктер қағидаттарын ілгерілету, сондай-ақ қоғам назарын әлеуметтік қолдау мәселелеріне аудару болып табылады.