Жасына байланысты зейнетке шыққан зейнеткерлерге жылына бір рет санаторий-курорттық емделуге кеткен шығындарды (жолақы шығынын қоспағанда) өтеу қарастырылған. Бұл ретте санаторий-курорттық емделуге кеткен шығындарды растайтын құжаттар ұсынылуы қажет және отбасының жан басына шаққандағы орташа табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінің 3 еселенген мөлшерінен аспауы тиіс (01.09.2025 жылғы жағдай бойынша – 159 351 теңге, 1 ең төменгі күнкөріс деңгейі – 53 117 теңге, 3 * 53 117 теңге = 159 351 теңге). Өтеу мөлшері 45 (қырық бес) айлық есептік көрсеткіш көлемінде жүргізіледі (176 940 теңге, айлық есептік көрсеткіш – 3 932 теңге, 45 * 3 932 = 176 940 теңге).
Мемлекет тарапынан санаторий-курорттық емделуге жолдама алу үшін зейнеткер Қазақстан Республикасының аумағындағы кез келген санаторийді өзі таңдап, жолдаманы өз қаражатына сатып алады. Санаторийден келген соң тұрғылықты жері бойынша жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөліміне өтініш беріп, өзінің емделгенін растайтын құжаттарды (төлем шоты және көрсетілген немесе орындалған қызметтер туралы акт), жеке куәлігін және 20 сандық банк шотының нөмірін ұсынады. Осыдан кейін мемлекет отбасының жан басына шаққандағы орташа табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінің 3 еселенген мөлшерінен аспаған жағдайда 45 (қырық бес) айлық есептік көрсеткіш көлемінде шығындарды өтейді.