Қазақстандағы жасөспірімдер футболын дамытуға бағытталған Freedom QJ League жас футболшыларға кәсіби ортада тәжірибе жинап, өз шеберлігін шыңдауға мүмкіндік беретін маңызды алаңға айналды. Лигаға қатысатын командалар арасында «Тараз» футбол орталығының тәрбиеленушілері де алғашқы маусымдардан бері тұрақты түрде өнер көрсетіп келеді.
Тараздық жас футболшылар бұған дейін де бірқатар нәтижелерімен көзге түскен. Атап айтқанда, 2024 жылғы маусымда U-18 санатындағы команда чемпионатты қола жүлдемен аяқтады. Сол маусымда Нұрдәулет Орынбасар үздік шабуылшы атанса, Азизжон Бердиев пен Нұрдәулет Орынбасар лиганың символикалық құрамына енді. Ал 2023 жылы Димаш Серікұлы маусымның үздік ойыншысы атанған болатын.
«Тараз» футбол орталығының жетістіктері тек алаңдағы нәтижелермен шектелмейді. Клуб 2023 және 2025 жылдары Freedom QJ League ұйымдастырған «Үздік маркетинг» номинациясында жеңімпаз атанды.
Биылғы чемпионатта тараздықтар төрт жас санатында бақ сынап жатыр. Қазіргі таңда негізгі кезең аяқталуға жақын. Командалар соңғы үш турға әртүрлі турнирлік жағдайда жетті. Бірі жоғары орындарға көтерілу мүмкіндігін сақтап отырса, енді бірі қазіргі позициясын қорғауға немесе төменгі орындардан жоғарылауға талпынады.
U-18: жоғары көтерілуге мүмкіндік бар
2009 жылы туған футболшылардан жасақталған U-18 командасын былтырдан бері Самат Наурызбаев жаттықтырып келеді.
19 турдан кейін тараздықтар 19 ұпай жинап, 12 команданың арасында сегізінші орында орналасқан. Алда үш кездесу бар. Осы ойындардың барлығында жеңіске жеткен жағдайда команда турнирлік кестеде бесінші орынға дейін көтерілуі мүмкін.
Алайда бұл санатта төменгі орындарға түсіп қалу қаупі де сақталған. Сондықтан қалған матчтар тараздықтар үшін турнирлік жағдайын жақсартумен қатар, жинаған ұпайларын сақтап қалу тұрғысынан да маңызды.
U-18 санатындағы тағы бір ерекшелік – командаларға әр кездесуде 2008 жылы туған үш футболшыны «джокер» ретінде пайдалану мүмкіндігі берілген. Ал «Тараз» құрамының негізгі бөлігін 2009 жылы туған ойыншылар құрайды.
Соңғы үш тур жас футболшылардың тәжірибе жинауы және маусымды мүмкіндігінше жоғары нәтижемен аяқтауы үшін маңызды кезең болмақ.
U-17: алтыншы орында
2010 жылы туған футболшылардан құралған U-17 командасының тізгінін биылдан бастап Асқар Кушикбаев ұстады.
19 ойынның қорытындысы бойынша тараздықтар 24 ұпай жинап, 12 команда арасында алтыншы орында келеді. Команда үшін қазіргі турнирлік позицияны сақтап қалу маңызды міндеттердің біріне айналды.
Қолдағы есеп бойынша бесінші орынға көтерілу мүмкіндігі жоқ. Қалған үш кездесудің барлығында жеңіске жеткен күннің өзінде ұпай саны «Жас Қыранмен» теңескенімен, қосымша көрсеткіштер бойынша тараздықтар қарсыласынан жоғары көтеріле алмайды.
Сонымен бірге төменгі орындарға сырғып кету қаупі бар. Сондықтан қалған ойындарда команда барынша тұрақты нәтиже көрсетуге ұмтылады.
U-16: соңғы турлар шешуші болады
2011 жылы туған футболшылардан жасақталған U-16 командасын Бекмурат Хайтмуратов пен Анатолий Бельский жаттықтырады.
19 турдан кейін команда 10 ұпаймен 11-орында тұр. Биылғы маусым тараздықтар үшін құрамдағы өзгерістерге байланысты оңай болған жоқ. Әртүрлі себептермен алты негізгі ойыншы командадан кетті.
Дегенмен чемпионаттың аяқталуына дейін әлі үш кездесу бар. Осы ойындарда максималды нәтиже көрсеткен жағдайда «Тараз» U-16 турнирлік кестеде 10-орынға көтеріле алады.
Ал ұпай жоғалтқан жағдайда команда соңғы орынға түсіп қалуы мүмкін. Сондықтан қалған үш матч жас футболшылар үшін тек турнирлік есеп тұрғысынан емес, өз мүмкіндіктерін көрсету жағынан да маңызды.
U-15: құрамдағы өзгерістер әсері
2012 жылы туған футболшылар өнер көрсететін U-15 командасының маусым басындағы бас бапкері Самат Орманов болды. 10-турдан кейін команданы Исмаил Ходжаев жаттықтыра бастады.
19 турдың қорытындысы бойынша «Тараз» 15 ұпай жинап, 12 команда арасында тоғызыншы орында орналасқан.
Маусым барысында құрамда елеулі өзгерістер болды. Команданың екі негізгі сұрмергені – Арнұр Батырбай мен Ерасыл Әбілдә «Шахтер» академиясына ауысты. Негізгі ойыншылардың кетуі команданың екінші кезеңдегі нәтижесіне әсер еткен факторлардың бірі болды.
Қалған үш турда команда үшін басты міндет – мүмкіндігінше көп ұпай жинап, турнирлік жағдайын жақсарту.
Соңғы үш тур – соңғы мүмкіндік
Freedom QJ League-дің 2026 жылғы маусымы 25 қазанда мәресіне жетеді. Ал оның алдындағы соңғы үш тур «Тараз» футбол орталығының төрт командасы үшін де маңызды кезең болмақ.
U-18 командасы турнирлік кестеде жоғарылап, бесінші орынға дейін көтерілу мүмкіндігін сақтап отыр. U-17 қазіргі алтыншы позициясын бекемдеуге тырысады. Ал U-16 мен U-15 үшін қалған ойындар төменгі бөліктегі жағдайды жақсартуға мүмкіндік береді.
Жасөспірімдер футболындағы жетістікті тек турнирлік кестедегі орынмен бағалау жеткіліксіз. Бұл жаста ойыншылар үшін тұрақты ойын тәжірибесі, жоғары деңгейдегі бәсекеге бейімделу, командалық тәртіп пен жеке шеберлікті жетілдіру де маңызды.
Freedom QJ League алаңында өткізілген әрбір матч жас футболшылар үшін кәсіби футболға жасалған кезекті қадам саналады. Ал «Тараз» футбол орталығының тәрбиеленушілері үшін маусымның соңғы үш туры өз мүмкіндіктерін тағы бір мәрте көрсетуге жол ашады.

