Жамбыл агросекторы: рекордты инвестиция, жаңа қуаттар және жоғары өнімділік

Жамбыл агросекторы: рекордты инвестиция, жаңа қуаттар және жоғары өнімділік

Жамбыл облысында биылғы ауыл шаруашылығы маусымы өндіріс көлемінің артуымен, инвестициялық белсенділіктің күшеюімен және егін жинау науқанына жүйелі дайындықпен ерекшеленіп отыр. Өткен аптаның соңында Үкіметтің Серік Жұманғарин төрағалық еткен жедел штаб отырысында өңір егін жинау жұмыстарын ұйымдасқан түрде бастап кеткен облыстардың қатарында аталды. Сонымен бірге қант қызылшасын қабылдап, өңдеуге арналған инфрақұрылымның дайындығы және жүгері өнімін қабылдауға жүргізіліп жатқан әзірлік атап өтілді.

Биыл өңір үшін өзекті мәселелердің бірі болған қант қызылшасын өңдеу жұмыстарына ерекше көңіл бөлінді. Өткен жылдардағы тәжірибе ескеріліп, жоспарланған шамамен 450 мың тонна өнімді толық өңдеу және логистикалық кідірістерге жол бермеу үшін бірқатар шаралар жүзеге асырылды.

Тараз қант зауытында ауқымды реконструкция жүргізіліп, тәулігіне 3 мың тонна қызылша өңдеуге қауқарлы жаңа желі іске қосылды. Осылайша, соңғы 25 жылда алғаш рет кәсіпорын жергілікті шикізатты қабылдауға толық дайындалды. Зауытта 200 мың тоннаға дейін қант қызылшасын қабылдау жоспарланып отыр.

Ал Меркі қант зауытында жоспарлы жөндеу жұмыстары жүргізіліп, сүзу станциясы жаңғыртылды. Кәсіпорын маусым барысында толық қуатта жұмыс істеп, тәулігіне 3 мың тонна, ал маусымдық кезеңде 250 мың тонна қызылша өңдей алады. Қазіргі таңда зауыт штаттық режимде жұмысын бастады.

Қызылшаны қабылдау кезінде туындайтын логистикалық мәселелерді азайту үшін егістік алқаптарынан зауыттарға өнім жеткізу электрондық талондар жүйесі арқылы реттеліп отыр. Бұл көлік қозғалысын біркелкі ұйымдастырып, бірнеше күнге созылатын кезектердің алдын алуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, қызылшаны уақытша жинақтап, кейін жылдам түсіруге арналған арнайы аралық сақтау алаңдары зауыттардың маңынан жабдықталды.

Қаржылық қолдау тетіктері де қайта реттелді. ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігімен бірлесіп, мемлекет пен зауыт арасындағы үлестік сатып алу схемасы бекітіліп, қабылданған қызылшаның бір тоннасына 40 мың теңге көлемінде төлем қарастырылды. Бұған қоса, өткен кезеңдердегі субсидия бойынша берешектер өтеліп, биылғы бюджетте жергілікті кәсіпорындарға шикізат өткізуді ынталандыруға қажетті мемлекеттік қолдау көлемі қарастырылды.

Бүгінде Жамбыл облысы елдегі жетекші аграрлық өңірлердің біріне айналып келеді. Бұған ауыл шаруашылығына бағытталған инвестиция көлемінің күрт өсуі, өндіріс көрсеткіштерінің ұлғаюы және егін жинау науқанына алдын ала жүргізілген дайындық дәлел.

Ауыл шаруашылығы саласына тартылған инвестиция көлемі бойынша биыл ерекше көрсеткіш тіркелді. Жамбыл облысының ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметінше, жыл басынан бері аграрлық секторға 122,8 млрд теңге инвестиция тартылған. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 11 есе жоғары көрсеткіш. Нәтижесінде 115 млрд теңге көлемінде белгіленген жылдық жоспар мерзімінен бұрын орындалды.

— С начала года в сельское хозяйство региона привлечено 122,8 миллиарда тенге инвестиций. По сравнению с аналогичным периодом прошлого года показатель вырос в 11 раз. Таким образом, годовой план в размере 115 миллиардов тенге выполнен досрочно, — деді облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Абдирасил Желеубаев.

Биыл өңірде жалпы құны 63,1 млрд теңгені құрайтын 22 инвестициялық жоба жүзеге асырылуда. Олардың қатарында 12 мың тонна өнім сақтауға арналған «TRZ AGRO» ЖШС-нің көкөніс қоймасы және жалпы құны 7,7 млрд теңге болатын төрт сүт-тауар фермасы бар. Аталған нысандардың іске қосылуы облыстағы сүт өндірісін 6,5 пайызға арттыруға мүмкіндік береді.

Сонымен бірге 65 мың басқа арналған қой бордақылау алаңдары мен 15 мың басқа арналған ірі қара мал бордақылау алаңдары құрылуда. «Гәкку құс» ЖШС жылына 10 млн инкубациялық жұмыртқа өндіретін асыл тұқымды репродуктор салу жобасын қолға алды.

Аграрлық сектордағы өсім экономикалық көрсеткіштерден де көрінеді. Бірінші жартыжылдық қорытындысы бойынша облыста ауыл шаруашылығы өнімдерінің көлемі 121,9 млрд теңгеден асып, нақты өсім 3,3 пайызды құрады.

— Благодаря мерам государственной поддержки и эффективному освоению программ субсидирования агропромышленный комплекс области демонстрирует стабильную положительную динамику, — деп атап өтті Абдирасил Желеубаев облыс әкімі Ербол Қарашөкеевтің төрағалығымен өткен аппараттық кеңесте.

Бұл оң динамика биылғы егін жинау нәтижелерінен де байқалады. Қазіргі таңда Жамбыл шаруалары 480 мың тоннадан астам астық бастырып үлгерді. Дәнді дақылдардың орташа өнімділігі гектарына 18,8 центнерге жетіп отыр. Өткен жылдың осы кезеңінде бұл көрсеткіш небәрі 7,6 центнер болған. Яғни биылғы өнімділік екі еседен астам өскен.

Ауыл шаруашылығы жұмыстарының тұрақты жүруіне қажетті ресурстар бойынша да жағдай жасалған. Облыс жеңілдетілген дизель отынына деген қажеттілігін толық жапты. Қазірдің өзінде бекітілген 288 теңге бағамен 1,7 мың тонна дизель отыны жеткізілді. Ал минералды тыңайтқыш енгізу жоспары 93 пайыздан астам орындалды. Егістік алқаптарына 102,8 мың тонна тыңайтқыш енгізілді.

Жалпы, Жамбыл облысындағы аграрлық сектордың бүгінгі нәтижесі тек есептік көрсеткіштермен шектелмейді. Қант қызылшасын өңдейтін кәсіпорындардың өндірістік қуаты жаңартылып, логистика реттеліп, инвестициялық жобалар көбейіп, ауыл шаруашылығы өнімдерінің көлемі артып келеді. Бұл шаралардың барлығы өңір фермерлерінің өндірісін тұрақтандырып қана қоймай, ауыл шаруашылығының ұзақ мерзімді дамуына берік негіз қалыптастырып отыр.