Спорт алаңы – ауыл ажары: Балуан Шолақта жаңа мини-стадион ашылды

Спорт алаңы – ауыл ажары: Балуан Шолақта жаңа мини-стадион ашылды

Шу ауданының Балуан Шолақ ауылында тұрғындар көптен күткен жаңа спорт нысаны ел игілігіне берілді. Ауыл ажарын айшықтаған заманауи мини-стадион енді балалар мен жастардың футбол, жеңіл атлетика және воркаутпен тұрақты айналысуына мүмкіндік береді.

Жаңа спорт алаңының ашылу салтанатына аудан әкімі Бақытжан Жәнібеков, спорт ардагерлері, спортшылар мен ауыл тұрғындары қатысты. Салтанатты шара Мемлекеттік Әнұранның орындалуымен басталып, ауыл тұрғындарының ортақ қуанышына ұласты.

Ашық аспан астындағы жаңа кешен футбол алаңын, воркаутқа арналған арнайы алаңды және жүгіру жолағын қамтиды. Қысқа уақыт ішінде нысан ауылдағы көпшілік жиналатын тартымды орындардың біріне айналып үлгерді.

Салтанатты шара барысында аудан әкімі Бақытжан Жәнібеков ауыл тұрғындарын жаңа нысанның ашылуымен құттықтап, мұндай спорт алаңдарының бұқаралық спортты дамытудағы маңызын атап өтті.

— Баршаңызды осы айтулы күнмен шын жүректен құттықтаймын! Бұл – жасөспірімдер мен жастарға жасалған үлкен сый. Жаңа спорт нысаны бұқаралық спортты дамытуға елеулі үлес қосатынына сенімдімін, — деді аудан басшысы.

Балуан Шолақ ауылындағы бұл нысанның бой көтеруі «Таза Қазақстан» жалпыұлттық акциясы аясындағы жұмыстармен де тығыз байланысты. Жамбыл облысында аталған бастама шеңберінде «Үлгілі ауыл» жобасы жүзеге асырылып келеді. Байқау барысында елді мекендердің тазалығы мен абаттандырылуымен қатар, қоғамдық тәртіп, тұрғындардың ауызбіршілігі және туған жерге деген жанашырлығы да бағаланады.

Өткен жылы Балуаншолақ ауылдық округі «Үлгілі ауыл» байқауына қатысып, облыстағы ең таза, абаттандырылған әрі қауіпсіз елді мекендердің бірі ретінде танылды. Ауылда үш жылға жуық уақыт ішінде бірде-бір қылмыс тіркелмеген. Бұл тұрғындардың қоғамдық тәртіпке жауапкершілікпен қарайтынын, өзара ынтымағы мен туған жерге деген қамқорлығын көрсетеді.

Байқау қорытындысында Балуаншолақ ауылдық округі бас жүлдені иеленді. Байқау талаптарына сәйкес, бірінші орын алған ауылдық округке облыстық бюджеттен 50 миллион теңге бөлінді. Аталған қаражат жаңа мини-стадион мен воркаут алаңын салуға бағытталды.

Бүгінде тұрғындар үшін бұл қаражаттың нақты нәтижесі бар. Жаңа спорт кешені толық аяқталып, ауыл тұрғындарының пайдалануына берілді.

Нысанның ашылуына ауылдың үлкені мен кішісі түгел жиналды. Спорт ардагерлері ізгі тілектерін білдіріп, ауыл ақсақалдары ақ батасын берді. Ал ауылдың ақ жаулықты аналары дәстүр бойынша шашу шашып, жаңа спорт нысаны жас ұрпаққа және бүкіл ауылға ұзақ жылдар бойы қызмет етсін деген тілектерін жеткізді.

Мерекелік шара аясында 45 жастан асқан әуесқой футболшылар арасында турнир ұйымдастырылды. Жарысқа Шоқпар, Ескі Шу, Дулат, Қорағаты, Төле би, Жаңақоғам және Балуан Шолақ ауылдық округтерінің командалары қатысты.

Турнир ойындары тартысты өтіп, командалар жеңіске деген жігері мен шеберлігін көрсетті. Ойындарды тамашалаған ауыл тұрғындары да спортшыларға қолдау білдіріп, жарыстың қыза түсуіне ықпал етті. Турнир қорытындысы бойынша үздік командалар ақшалай сыйлықтармен марапатталса, ерекше көзге түскен футболшылар жекелеген номинациялар бойынша арнайы жүлделерге ие болды.

Балуан Шолақтағы жаңа мини-стадион – «Үлгілі ауыл» байқауындағы жеңістің нақты нәтижелерінің бірі. Бұл нысан ауыл тұрғындарының бірлігі, белсенділігі мен туған жерге деген жанашырлығы нақты іске ұласқанда, елді мекеннің дамуына оң өзгерістер әкелетінін көрсетеді.

Ең бастысы, ауыл балалары мен жастары үшін спортпен тұрақты айналысуға жаңа мүмкіндік пайда болды. Мұндай нысандардың көбеюі бұқаралық спорттың дамуына, жас ұрпақтың денсаулығын нығайтуға және салауатты өмір салтын қалыптастыруға серпін беретіні сөзсіз.