Алматыда өткен Жасанды интеллектіні дамыту жөніндегі кеңестің екінші отырысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев цифрлық технологияларды дамыту және жасанды интеллектіні тиімді пайдалану мәселесіне кеңінен тоқталды, деп хабарлайды baq-orda.kz.
Мемлекет басшысы әлемдегі технологиялық бәсекенің күшейіп бара жатқанын айтып, Қазақстан үшін уақытылы әрі батыл шешім қабылдаудың маңызын атап өтті.
Президенттің сөзінше, жетекші халықаралық зертханалардың соңғы деректері дамыған және дамушы елдер арасындағы технологиялық алшақтықтың жылдам ұлғайып келе жатқанын көрсетеді. Оның айтуынша, жасанды интеллект саласында капитал мен озық технологиялар негізінен көшбасшы мемлекеттердің қолына шоғырланып жатыр.
– Жасанды интеллектінің бір ерекшелігі – капитал да, технология да көшбасшылардың қолына шоғырланады. Уақтылы әрі батыл шешім қабылдамаса, ертең «технологиялық алшақтықты» қысқарту қиынға соғады. Бұл – Қазақстан үшін алаңдатарлық ахуал, – деді Мемлекет басшысы.
Президент қазіргі жағдайды жан-жақты саралап, елдің нақты интеллектуалдық өнімдер жасауға қабілетін анық бағалау қажеттігін айтты. Сондай-ақ Қазақстанның «орта табыс дағдарысына» тап болғаны жөніндегі сарапшылар пікірін де назардан тыс қалдырмады.
– Мұндай жағдайда табиғи ресурстар мен арзан жұмыс күші секілді дәстүрлі артықшылықтар сарқыла бастайды. Ал экономикалық өсімге серпін беретін жаңа салалар жеткілікті деңгейде дамымайды. Экономиканың тұралауына жол бермеу үшін үлкен цифрлық платформалар құру қажет. Сол арқылы цифрлық экономикаға жедел көшуге болады, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы жасанды интеллектіні дамыту үшін мемлекеттік деректердің бірыңғай жүйесін қалыптастыру аса маңызды екенін ерекше атап өтті. Оның пікірінше, тиімді цифрлық инфрақұрылымсыз жасанды интеллект технологиялары толық нәтиже бере алмайды.
– Мемлекеттік деректердің бірыңғай жүйесі болмаса, жасанды интеллектіден пайда жоқ. Осы орайда мемлекеттік сервистерді көзге көрінбейтін, бірақ өте тиімді операциялық жүйеге трансформациялау керек. Сонда шамадан тыс бюрократиялық талаптардан арыламыз. Қазіргі жүйеде сұраныс жіберуден бастап шешім қабылдауға дейін бірнеше күн, тіпті бірнеше апта кетеді. Бұл цикл бірнеше секундқа дейін қысқаруға тиіс, – деді Президент.
Мемлекет басшысының айтуынша, мұндай өзгерістер елдегі капитал айналымын жеделдетіп, экономиканың тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді.