
|
Сұрақ |
Жауап |
|
1. Баламның «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасына қатысушы екенін қалай тексеруге болады?
|
Ол үшін БЖЗҚ-ның kids.enpf.kz сайтына кіріп, «Қатысушыны іздеу» бөліміне баланың ЖСН-ін енгізіп, «Тексеру» батырмасын басыңыз. Сонда Сіз баланың қай есепті жылдан бастап бағдарламаға қатысушы екені және жинақталған нысаналы талаптардың жалпы сомасын көресіз.
|
|
2. Нысаналы талаптар мен нысаналы жинақтардың айырмашылығы неде?
|
Нысаналы талаптар – Үкіметтің 18 жасқа толмаған Қазақстан азаматтары-балалары алдындағы міндеттемелері. Нысаналы талаптар жыл сайын Ұлттық қордың инвестициялық кірісінің 50% есебінен қалыптастырылады. Нысаналы талаптар БЖЗҚ-дағы шоттарда есептеліп, ескеріледі. Бірақ активтердің өзі Ұлттық қор активтерінің құрамында инвестициялануын жалғастыра береді. Оларға жыл сайын қосымша инвестициялық кіріс есептеледі. Нысаналы жинақтар – нысаналы талаптардың бұрыннан жинақталған сомасы. Олар Қазақстанның азаматы болып есептелетін алушылардың нысаналы жинақтау шотына олар 18 жасқа толатын жылы есептеледі. Осылайша, он сегіз жасқа толғаннан кейін нысаналы талаптар нысаналы жинақтарға айналады. Олар бағдарламаның әрбір қатысушысының БЖЗҚ-дағы нысаналы жинақтау шотында АҚШ долларымен есептеледі және сақталады. |
|
3. Нысаналы жинақтар Ұлттық қордан БЖЗҚ-ға түскеннен кейін инвестициялана ма?
|
БЖЗҚ-дағы нысаналы жинақтау шоттарына есептелген нысаналы жинақтар қаржы құралдарына инвестицияланбайды. Олар АҚШ долларында сақталады және нысаналы жинақ алушылар немесе олардың мұрагерлерінің пайдалануы үшін қолжетімді болады. |
|
4. Бағдарламаға қатысу басқа мемлекеттік жәрдемақыларға, мәселен, мүгедектігі бар балаларға немесе көпбалалы отбасыларға берілетін жәрдемақыларға әсер ете ме?
|
Жоқ. Мүгедектік, көпбалалы отбасыларға берілетін жәрдемақыларды алатын балалар да бұл бағдарламаға Қазақстан азаматы болып есептелетін барлық балалармен тең қатысады.
|
|
5. Бір отбасының балалары жинақтарын бір-біріне бере ала ма?
|
Жоқ. Қолданыстағы заңнамада нысаналы жинақтарды басқа туыстардың пайдасына беру заңнамада көзделмеген.
|
|
6. Бағдарламаға қатысатын балалардың тізімін қандай ұйым жасайды?
|
БЖЗҚ "Жеке тұлғалар" мемлекеттік дерекқорынан (ЖТ МДҚ) алынған мәліметтер негізінде нысаналы талаптарға қатысушы балалардың толық тізімін дербес қалыптастырады. |
|
7. Менің балама БЖЗҚ-да шот ашылды және оның нысаналы жинақтары да аударылды. Бұл қаражатты кім пайдалана алады?
|
Бағдарламаға қатысушы 18 жасқа толғаннан кейін нысаналы жинақтарын екі мақсатқа – тұрғын үй жағдайларын жақсартуға және (немесе) білім беру ақысын төлеуге өз бетінше пайдалану құқығына ие болады. |
|
8. Ата-аналар жинақтарды көре ала ма?
|
Кәмелетке толмаған баланың ата-аналары немесе заңды өкілдері өз баласына Бағдарлама аясында жасалған есептеулерді kids.enpf.kz сайтында, EGOV mobile мобильді қосымшасында, сондай-ақ кейбір банктердің қосымшаларында көре алады. Бала он сегіз жасқа толғанда "БЖЗҚ" АҚ-да оған нысаналы жинақтау шоты ашылады, оған тек нысаналы жинақтарды алушының (кәмелетке толған баланың) өзі ғана қол жеткізе алады. |
|
9. Балаға БЖЗҚ-да шот ашылып, оның нысаналы жинақтары есептеліп қойды. Алайда, 18 жасқа толғанға дейін бір ай бұрын бала азаматтығын өзгертті. Оның нысаналы жинақтарымен не болады?
|
Қазақстан Республикасының азаматтығы он сегіз жасқа толғанға дейін немесе одан кейін тоқтатылған кезде нысаналы талаптарға қатысушы немесе нысаналы жинақтарды алушы нысаналы жинақтар төлемін алу құқығынан айырылады. Бұл ретте оның нысаналы талаптары мен нысаналы жинақтары белгіленген тәртіппен басқа қатысушылар арасында бөлінеді. Ал нысаналы жинақтау шоты жабылады. |
|
10. Нысаналы талаптарға қатысушы-нысаналы жинақтарды алушы қайтыс болған жағдайда мұраға қалған нысаналы жинақтарды алу үшін мұрагерге қандай құжаттар талап етіледі және оларды қайда ұсыну қажет?
|
"Ұлттық қор – балаларға" бағдарламасына қатысушы қайтыс болған жағдайда оның нысаналы талаптары немесе нысаналы жинақтары азаматтық заңнамаға сәйкес мұраға қалдырылады. Оларды алу үшін мұрагерлер БЖЗҚ-ға жүгінуі қажет. Қаражат қайтыс болған адамдардың нысаналы жинақтарын нысаналы жинақтау шотына есептегеннен кейін ғана қолжетімді болады. Төлемдерді алу үшін мұрагерлер уәкілетті оператор-банкте АҚШ долларымен банктік шот ашады. Мұрагерлер қаражатты кез-келген мақсатта пайдалана алады, яғни оларды мақсатты пайдалану туралы міндетті талап жойылады. Нысаналы жинақтары бар адамның қайтыс болуына байланысты төлемдерді ресімдеуге қажетті құжаттардың өзекті тізбесі БЖЗҚ сайтында орналастырылған. |
|
11. Нысаналы жинақтарды бөліп-бөліп пайдалануға бола ма?
|
Нысаналы жинақтарды алушы он сегіз жасқа толған және Қазақстан Республикасының азаматтығы болған жағдайда, нысаналы жинақтау шотындағы нысаналы жинақты қолда бар нысаналы жинақтар шегінде шектеусіз рет пайдалануға болады. |
|
12. Балама қанша қаражат тиесілі екенін қалай білемін?
|
Сіз kids.enpf.kz сайтында, eGov mobile мобильді қосымшасында және кейбір банктердің қосымшаларында балаңызға есептелген нысаналы талаптардың ағымдағы сомасын тексере аласыз. Айта кетейік, kids.enpf.kz сайтында жинақталған нысаналы талаптардың жалпы сомасы көрсетіледі. Егер сіз есептеулердің жыл бойынша егжей-тегжейлі бөлінісін көргіңіз келсе, онда EGOV mobile электрондық үкіметінің мобильді қосымшасын жүктеп кіріп, өз балаңызға қатысты ақпаратты көруіңізге болады.
|
|
13. Егер балаға нысаналы талаптар есептелген, бірақ нысаналы жинақтау шоты (НЖШ) ашылмаған болса?
|
БЖЗҚ-дағы нысаналы жинақтау шоты бала кәмелетке толған жылы оның нысаналы жинақтарын есепке алу үшін автоматты түрде ашылады. Осы күнге дейін балаға нысаналы талаптар есептеледі және олар БЖЗҚ-да есепке алынады. kids.enpf.kz сайтындағы "Қатысушыны іздеу" бөліміне баланың ЖСН енгізіп, "Тексеру" батырмасын басу керек. Бала нысаналы талаптарға қатысушы ретінде тіркелген есепті жылды және өтініш берілген жылға арналған нысаналы талаптардың жалпы сомасын көрсететін ақпарат қолжетімді болады.
|
|
14. Егер бала ҚР азаматы емес деген ақпарат шықса, не істеу керек?
|
Егер ЖСН-ы көрсетілген бала "Жеке тұлғалар" мемлекеттік дерекқорынан (ЖТМДҚ) алынған мәліметтерге сәйкес ҚР азаматы болмаса, сәйкесінше, ол «Ұлттық қор - балаларға» бағдарламасына қатыса аламайды және нысаналы талаптары да болмайды. ЖТМДҚ-дағы мәліметтерді өзектендіру қажет болған жағдайда, тұрғылықты жері бойынша көші-қон қызметіне жүгінуге кеңес береміз. ЖТМДҚ-ға тиісті түзетулер енгізілгеннен кейін, БЖЗҚ осы жеке тұлғаны өткізіп алған кезеңді ескере отырып, нысаналы талаптарға қатысушы балалардың және (немесе) нысаналы жинақтарды алушылардың тізіміне енгізеді.
|
|
15. Нысаналы жинақтар БЖЗҚ-да қанша уақыт сақталады?
|
Бағдарламаға қатысушы 18 жасқа толғаннан кейін нысаналы жинақ сомасы БЖЗҚ-дағы нысаналы жинақтау шотында 10 жыл бойына сақталады. Олар инвестицияланбайды. 10 жыл өткен соң қатысушының пайдаланбаған нысаналы жинақ сомасы БЖЗҚ-да қалып, қатысушының нысаналы жинақтау шотынан ерікті зейнетақы жарналары есепке алынатын жеке зейнетақы шотына аударылады. Жинақтар қайтадан инвестициялана бастайды да, оларға инветициялық кіріс есептелетін болады.
|
|
16. Жинақтау қандай валютада жүргізіледі және кейіннен нысаналы жинақтарды алушыға аудару қай валютада жүзеге асырылады?
|
ҚР заңнамасына сай, нысаналы талаптар мен нысаналы жинақтарды есепке алу БЖЗҚ-да АҚШ долларымен жүргізіледі. Төлем жасалатын кезде нысаналы жинақтар нысаналы жинақ алушылардың уәкілетті оператор-банктерде АҚШ долларымен ашатын банктік шоттарына аударылады.
|
|
17. Бұл қаражатқа салық салына ма?
|
Нысаналы жинақтар төлемі салықтан толық босатылған.
|
|
18. Ұлттық қордан төлемдер алу үшін қандай банктерде банктік шот ашуға болады? "Ұлттық қор – балаларға" жобасына қатысатын банктерге қойылатын қандай да бір алғышарттар, талаптар бар ма?
|
Заңнамада екінші деңгейдегі банктер бойынша ешқандай шектеулер белгіленбеген, яғни БЖЗҚ-мен тиісті келісім жасасқан Қазақстанның екінші деңгейдегі кез келген Банкі Бағдарламаға қатыса алады. Бүгінгі күні уәкілетті оператор-банк ретінде: "Отбасы банк" АҚ (тұрғын үй және білім алу), "Халық банкі" АҚ (білім алу), "Банк ЦентрКредит" АҚ (білім алу) тіркелген. |
|
19. Тарихи отанымыз – Қазақстанға көшіп келдік, "қандас" мәртебесіне ие болдық. Біздің баламыз "Ұлттық қор-балаларға" жобасына қатыса ала ма?
|
Нысаналы талаптарға Қазақстан Республикасының он сегіз жасқа толмаған барлық азаматы қатысады. Қазақстан Республикасының азаматтығын алғаннан кейін Сіздің балаңыз "Ұлттық қор-балаларға" жобасына қатыса алады.
|