ВИЦЕ-МИНИСТР АУДАНДАҒЫ СУ НЫСАНДАРЫН АРАЛАДЫ
Жамбыл облысына жұмыс сапары барысында Су ресурстары және ирригация вице-министрі Ерболат Ибрайханов ауданымызға арнайы ат басын бұрып, ағын суға қатысты бірқатар нысандардың жұмысымен танысты.
Вице-министр ең алдымен Қант зауыты мөлтек ауданында орналасқан каналдардың басына барып, бүгінгі жай-күйімен танысты. Өңір тұрғындарына ағын су жеткізуде ерекше маңызға ие бұл каналдардың техникалық және инфрақұрылымдық жағдайын көзбен көріп, нақты мәселелерді назарға алды.
Аталған жұмыс сапарына Шу ауданының әкімі Бақытжан Жәнібеков те қатысып, көтерілген мәселелерге байланысты өз ұсыныс-пікірлерін білдірді. Сонымен қатар, жергілікті атқарушы орган тарапынан жасалып жатқан жұмыстар мен алдағы жоспарлар жөнінде вице-министрге баяндама жасалды.
Сапар аясында вице-министр тиісті ауылдық округ әкімдері, бөлім басшылары, су шаруашылығы мекемелерінің жетекшілері және жобалаушы компания өкілдерінің қатысуымен жиын өткізді. Жиын барысында аудандағы ағын су тапшылығы, су арналарының тозуы және оларды жаңғырту мәселелері кеңінен талқыланып, нақты ұсыныстар ортаға салынды.
Сондай-ақ Ерболат Ибрайханов «Ирригациялық-дренаждық жүйелерді жетілдіру» жобасы (ПУИД-2) аясында жүргізіліп жатқан жұмыстармен де танысты. Ол Бәйдібек ауылындағы “Огородный-1” каналына жүргізіліп жатқан бетондау жұмыстарының барысын тексеріп, мердігер мекемемен бірқатар мәселелерді талқылады.