Жастардың құқықтық тәрбиесі – сыбайлас жемқорлыққа қарсы сананың негізі

Жастардың құқықтық тәрбиесі – сыбайлас жемқорлыққа қарсы сананың негізі

♦ Шерхан Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз университетінде «ЖАҢАРУ» сыбайлас жемқорлыққа қарсы жалпыұлттық қозғалысы» РҚБ Жамбыл облыстық филиалының ұйымдастыруымен жастар арасында құқықтық сауаттылықты арттыруға бағытталған кездесу өтті.

Іс-шараның мақсаты – сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру, құқықтық тәрбие беру арқылы жастарды әділеттілік пен парасаттылыққа тәрбиелеу.

Кездесуді «ЖАҢАРУ» филиалының директоры Қасымхан Төлендиев жүргізді.

Шараға ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Жамбыл облысы бойынша департаментінің Превенция басқармасының басшысы Арайлы Төлеген, «AMANAT» партиясы Жамбыл облыстық филиалы Саяси жұмыс бөлімінің меңгерушісі Бекзат Әлмұратов, Жамбыл облыстық жастар ресурстық орталығының бөлім басшысы Бақдәулет Жанділдаев, университет проректоры Ұлан Байжанов, Жастар ісі жөніндегі комитет төрағасы Ерсұлтан Жақсылық, «Саналы ұрпақ» клубының жетекшісі Дильназ Орынбек және студент жастар қатысты.

Кездесу барысында қоғамдағы жемқорлықтың теріс салдары, оны болдырмау жолдары, жастардың азаматтық белсенділігі мен құқықтық мәдениетті арттыру мәселелері талқыланды. Ашық диалог форматында өткен жиында студенттер көкейіндегі сұрақтарына жауап алды.

Мәселен, 2023 жылы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің Жамбыл облысы бойынша департаменті 105 қылмыстық құқықбұзушылықты тіркеген. Оның ішінде 72-сі сыбайлас жемқорлық қылмысы болса, 63-і ауыр және аса ауыр қылмыстар санатына жатады. 34 адам қылмыстық жауапкершілікке тартылып, оның 22-сі түрлі лауазым иелері болған.

Университетте сыбайлас жемқорлықтың алдын алу мақсатында «Саналы ұрпақ» еріктілер клубы, комплаенс қызметі, «Адалдық сағаты» және «Таза сессия» акциялары тұрақты түрде ұйымдастырылып келеді.

Кездесу соңында қатысушылар жастарды адалдық пен әділеттілікке тәрбиелеудің маңыздылығын атап өтті.