Жамбылда Отан қорғаушы күні аталып өтті

Жамбылда Отан қорғаушы күні аталып өтті

Бүгін Тараз қаласындағы Кенен Әзірбаев атындағы «Баласағұн» орталық концерт залында 7 мамыр – Отан қорғаушылар күніне және Жеңістің 80 жылдығына арналған салтанатты жиын өтті.

Баласағұн ОКЗ-да өткен шараға құзырлы орган басшылары, әскери қызметшілер, «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы, Ұлттық ұлан және шекара қызметінің өкілдері мен облыс тұрғандары қатысты.

Салтанатты шараға Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев қатысып, жиналғандарды мерекемен құттықтады. Аймақ басшысы ардагерлерге алғыс білдіріп, қазіргі буынның ел қорғаудағы жауапкершілігі мен батыр бабалар жолын жалғау маңыздылығына тоқталды.

-Құрметті жамбылдықтар! Қадірменді ардагерлер!
Сіздерді Отан қорғаушылар күні және Жеңістің 80 жылдығымен шын жүректен құттықтаймын!
Бұл ерекше мағына мен тағылымға толы, халқымыз үшін қасиетті де қастерлі күн. Отан қорғаушылар күні мемлекетіміздің қуаты мен сенімділігін айғақтайтын, өмірін әскери қызметке арнаған жандарды дәріптейтін мереке.
Президентіміз «Еліміздегі бейбітшілік пен тыныштықты сақтап, қастерлі құндылықтарды орнықтыра түсу үшін бұл мерекенің маңызы зор» екен атап өткен болатын.
Мемлекет басшысы, Қарулы Күштердің Жоғарғы Бас қолбасшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының бастамасымен Қазақстан әскері толағай табыстарға жетіп, заманға сай жаңғырып келеді.
Жеңістің 80 жылдығы – Әлемдік маңызы бар тарихи оқиғалардың бірі. Бұл – батыр бабаларымыздың жанқиярлық ерлігін, болашақ үшін төккен қанын мәңгі есте сақтауымыздың белгісі.
Ұлы Жеңістің нәтижесі – бүгінгі бейбіт өмір.
Найзаның ұшымен, білектің күшімен ұланғайыр жерді жауға бермеген ата-бабаларымызға тағзым ету – әр азаматтың парызы.
Бүгінгі жас буын — ерлікке толы тарихты ұмытпауы тиіс.
Сол бір сұрапыл жылдары Жамбыл өңірінен де мыңдаған жауынгер майданға аттанып, ерліктің асқақ үлгісін танытты.
Биыл қазақ халқының біртуар тұлғасы, Кеңес Одағының батыры Бауыржан Момышұлының туылғанына 115 жыл.
Жеңістің 80 жылдығымен түспа түс келген батырдың мерейлі датасын облыс аумағында кең көлемде аталып, батырдың кіндік қаны тамған Жуалы және облыстық прокуратура ғимаратында арнайы тақтайшасы қойылды.
Сондай-ақ, 9 мамырда Жеңіс саябағының «Даңқ» залында Бауыржан Момышұлы музейінің ашылып, ел игіліне табысталады.
Батырдың құрметіне атқарылған шаралар – халқымыздың отансүйгіштік рухын арттырудың жарқын көрінісі болатыны сөзсіз.
«Тәртіпсіз ел болмайды, тәртіпке бағынған құл болмайды» деген қаһарман Бауыржан Момышұлының рухты сөзін өмірлік ұстанымына айналдырған сарбаздар қашан да ел мақтанышы болып қала береді, - деді аймақ басшысы.

Салтанатты жиын барысында аймақ басшысы ел қауіпсіздігі мен бейбіт өмірге үлес қосып жүрген бірқатар ардагерлер мен әскери қызметкерлерге облыс әкімінің марапаттары табыс етілді.

Шара соңында Кенен Әзірбаев атындағы облыстық филармония мен «Оңтүстік» өңірлік әскерлерінің өнерпаздары мерекелік концерт қойып, көрермендерге мерекелік көңіл-күй сыйлады.