Тарихта қанқұйлы соғыстар өзінің қисапсыз адам шығынымен есте қалды. Ал, өткен ғасырдың орта шенінде бұрқ ете қалған екінші дүниежүзілік соғыс бәрінен асып түсті. Сан миллиондаған адамдардың өмірін жалмады.
Сондықтан Жеңіс туы желбіреген 1945 жылдың 9 мамыры адамзат есінен ешуақытта шықпақ емес. Биыл міне, сұрапыл соғысқа 80 жыл толып отыр.
Жамбыл облысының мемлекеттік архиві мен Ш.Мұртаза атындағы Руханият және тарнихтану орталығы бірлесіп, «Ұлы Жеңіс ізімен: жазушы-жауынгер естеліктері» тақырыбында танымдық конференция ұйымдастырды.
Конференцияда Ардагер журналист, Қазақстан журналистер одағының мүшесі, Бауыржантанушы Бекет Момынқұл Батыр Бауыржан Момышұлының архивтік құжаттарына шолу жасаса, М.Х.Дулати атындағы Тараз университеті, «Бауыржантану» ғылыми-зерттеу орталығының аға ғылыми қызметкері Әлімбай Найзабаев жазушының «Куба әсерлері» кітабының жазылуы, ондағы оқиғалардың тарихи фактілермен ұштастығы турасында баян етті. Сондай-ақ Ш.Мұртаза атындағы Руханият және тарнихтану орталығының бөлім меңгерушісі Мадияр Ералыұлы Бауыржантанушы ретінде көркем әдебиеттегі жазушылардың естелігі бойынша Бауыржан Момышұлына неге батыр атағы кеш берілгендігі турасында әңгімеледі.
Сонымен қатар аталмыш іс-шараға Совет Одағының Батыры атағына ұсынылып, түрлі себептермен атағын ала алмаған үш жамбылдық майдангердің ұрпақтары – Айтқұлов Саджан, Шаханов Қалмен, Ысқақов Саламат қатысып, әкелерінің майданда жүріп өткен жолдары турасында да әңгіме етті.
Айта кетейік, Облыстық архив қызметкерлері мен арнайы кітапхана мамандары бұл күнге орайластырып архивтік құжаттардың, соғыс тақырыбындағы кітаптардың көрмесін де ұйымдастырды.