Жамбыл облысындағы Шерхан университетінде балық зауыты ашылды

Жамбыл облысындағы Шерхан университетінде балық зауыты ашылды

Тараздағы Шерхан Мұртаза атындағы халықаралық университет тағы бір тың жобасымен назар аудартты – оқу орнында жаңа балық зауыты ашылды. Бұл – еліміздің ғылымын өндіріспен ұштастыруға бағытталған маңызды қадам. Қазақстан ЖОО қауымдастығының жиналысынан кейін университетке арнайы келген министрлік өкілдері, сарапшылар мен ректорлар ғылыми инфрақұрылыммен танысты.

Делегация агробиология, мал шаруашылығы және аквакультура бағытындағы зерттеу орталықтарын аралап, олардың заманауи мүмкіндіктерін көрді.

Күннің басты жаңалығы – аквакультура саласына арналған балық зауытының ашылуы. 280 млн теңге көлеміндегі коммерцияландыру грантымен жүзеге асқан бұл жоба – ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі мен «Ғылым қорының» қолдауымен іске асырылды. Зауыт – су сапасын бақылау, балық өсіру, азықтандыру жүйесі сынды толық циклді қамтиды.

Жоба Жамбыл облысының табиғи су ресурстарын тиімді пайдалану мен экожүйені сақтай отырып, өндірісті дамытуға бағытталған. Бүгінде өңірдегі 148 су айдынының 50-іне университет ғалымдары ғылыми негіздеме жасап қойған.Ректор Махметғали Сарыбековтің айтуынша, бұл бастама – университеттің өңірге ұсынар нақты пайдасы:

> «Ғылым – зертханамен шектелмейді. Ол – нақты өндірістік шешімдермен өлшенеді. Балық зауыты – біздің білім мен ғылымды біріктіру жолындағы нақты нәтижеміз», – деді ол.

Зауыт студенттерге практикалық тәжірибе алаңы болса, кәсіпкерлер мен шаруа қожалықтарына ғылыми қолдау көрсететін орталыққа айналмақ. Ал агробиологиялық және мал шаруашылығы орталықтары – аймақтың агроөнеркәсібін ғылыми тұрғыда қолдаудың үлгісі.

Бұл бастама Жамбыл облысын балық шаруашылығы бойынша еліміздегі алдыңғы қатарлы өңірлердің біріне айналдыруға жол ашпақ.