Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі облыстық комиссия отырысы өтті

Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі облыстық комиссия отырысы өтті

ҚР Президентінің 2020 жылғы 24 қарашадағы №456 Жарлығына сәйкес «Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия» құрылған болатын.

Комиссияның басты міндеті – халықаралық стандарттар мен құндылықтар негізінде саяси қуғын-сүргіннің жазықсыз құрбандарына қатысты тарихи әділдікті қалпына келтіру, олардың адал және игі есімдерін халық пен ұрпақтарына қайтару.

Мемлекеттік комиссияның төрағасы - ҚР Мемлекеттік хатшысы Қ.Көшербаевтың 2020 жылғы 3 желтоқсандағы хаттамалық тапсырмасына сәйкес, облыс әкімінің 2021 жылғы 25 қаңтардағы      №22 қаулысымен консультативтік-кеңесші органдар форматында Саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау мәселелері жөніндегі облыстық комиссия құрылды.

Комиссия құрамына тарихшылар, архившылар, сарапшылар, мемлекеттік мекеме басшылары, құқық қорғау органдарынан 24 адам енгізілді.

Ағымдағы жылдың 10 наурызында облыстық комиссияның алғашқы отырысы өтті. Күн тәртібінде саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау мәселелері жөніндегі облыстық комиссия отырысының жұмысын ұйымдастыру, комиссияның 2021 жылға арналған жұмыс жоспарын бекіту және жұмысшы тобын құру мәселелері қаралды. Күн тәртібіндегі алғашқы мәселе бойынша облыс әкімдігінің ішкі саясат басқармасының басшысы Б.Жамангозов, облыстық прокуратураның №5 басқармасының бастығы Ғ.Даненов, облыс әкімдігінің мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы басшысының орынбасары С.Мадиева хабарлама жасады. Хабарламадан соң комиссия мүшелері өз ойларын ортаға салып, ұсыныс-пікірлерін білдірді. Комиссия соңында жұмысшы тобының құрамы бекітілді.

Облыстық комиссия отырысы жылына 2 рет, құрылған жұмысшы тобы тұрақты түрде жұмыс атқаратын болады.