ЖАМБЫЛ ОБЛЫСЫНДА «ТАЗА ҚАЗАҚСТАН» ЭКОЛОГИЯЛЫҚ АКЦИЯСЫ АЯСЫНДА «ТАЗА ТАРАЗ – ТАЗА ҚАЛА» АКЦИЯСЫ ӨТКІЗІЛДІ

ЖАМБЫЛ ОБЛЫСЫНДА «ТАЗА ҚАЗАҚСТАН» ЭКОЛОГИЯЛЫҚ АКЦИЯСЫ АЯСЫНДА «ТАЗА ТАРАЗ – ТАЗА ҚАЛА»  АКЦИЯСЫ ӨТКІЗІЛДІ

2026 жылғы 14 қыркүйекте «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық акциясы аясында Тараз қаласындағы «Қарахан» кесенесі аумағында «Таза Тараз – Таза қала» тақырыбында экологиялық акция ұйымдастырылды.

Қарахан кесенесі – Тараз қаласының тарихы мен сәулет өнерінің құнды мұраларының бірі. Тарихи деректерге сүйенсек, кесене XI–XII ғасырларда Қарахан әулетінің негізін қалаушылардың бірі, билеуші Шах-Махмуд Қараханның құрметіне тұрғызылған. Ежелгі Тараздың тарихи келбетін айшықтайтын сәулет нысаны ретінде Қарахан кесенесі бүгінде қала тұрғындары мен қонақтары үшін маңызды тарихи орындардың қатарында.

Экологиялық акция барысында Тараз қаласы Жастар ресурстық орталығының мамандары Қарахан кесенесінің айналасын тазалап, аумақты ретке келтіру жұмыстарын жүргізді. Атап айтқанда, кесене маңындағы тұрмыстық қалдықтар мен шашылған қоқыстар жиналып, аумақтың тазалығы қамтамасыз етілді.

Ізгі бастамаға ұйытқы болған Тараз қаласы жастар ресурстық орталығының директоры Азамат Лесбектің айтуынша, «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық акциясы – қоршаған ортаны қорғауға, қала тазалығын сақтауға және тұрғындардың экологиялық мәдениетін қалыптастыруға бағытталған маңызды жоба.

– Тазалық – айналаны ретке келтіру ғана емес, адамның табиғатқа, туған жеріне деген көзқарасының көрінісі. Бүгін «Қарахан» кесенесі аумағындағы тазалық шарасына қатысқан әрбір азамат қаламыздың көркеюіне өз үлесін қосты. Экологиялық мәдениет күнделікті әдеттен, қарапайым әрекеттен басталады. Егер әрқайсымыз қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарасақ, таза әрі жайлы қала қалыптастыруға бірге қол жеткіземіз, – деді Азамат Лесбек.

Акцияға 50-ден астам жастар ұйымдарының өкілдері, еріктілер мен белсенді жастар қатысты. Нәтижесінде кесене аумағынан 1 тоннадан астам қоқыс шығарылып, айналасы тазартылды.

Айта кетейік, осындай экологиялық шаралар облыстың бірқатар аудандарында да ұйымдастырылуда. Еріктілер мен жастар ауыл көшелерін, өзен жағалауларын, орталық саябақтар мен қоғамдық орындарды тазалау жұмыстарын жүргізуде.

Акция барысында қатысушыларға қоршаған ортаны қорғау, экологиялық мәдениетті қалыптастыру және қоғамдық орындарда тазалық сақтау жөнінде түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай бастамалар тұрғындардың табиғатқа жанашырлықпен қарауына, туған өлкенің тазалығы мен көркеюіне үлес қосуына ықпал етеді.

Жалпы, «Таза Қазақстан» акциясы аясында Жамбыл облысында ауқымды жұмыстар жүзеге асырылуда. Бүгінгі күнге дейін өңірде 48,5 мың жасыл желек отырғызылып, 7,5 мың шақырым көше жолдары тазартылды. Сондай-ақ 900 шақырымға жуық арық жүйелері мен каналдар ретке келтіріліп, 700 мың шаршы метр саябақтар мен скверлердің аумағы абаттандырылды. Нәтижесінде 10 мың тоннаға жуық күл-қоқыс шығарылды.

«Таза Қазақстан» акциясы аясындағы мұндай шаралар өңірдің экологиялық ахуалын жақсартумен қатар, қоғамда тазалық пен жауапкершілік мәдениетін қалыптастыруға, қоршаған ортаға ұқыпты қарау дағдыларын нығайтуға зор үлес қосуда.