
Дәстүрлі экономиканың шығындарын ескеріп, «жасыл» экономикаға қадам басу – мемлекет алдындағы маңызды міндеттің бірі. Өз кезегінде электр энергиясын өндіру арқылы елді үнемдеуге үйретіп, халықтың тұрмыстық әлеуетінің жақсаруына түрткі болады. Жаңа технологияның нәтижесінде қоршаған ортаға келетін зиян азайып, бірқатар балама қуат көзі пайда болуда. Табиғи қуат көзін өндіру Т.Рысқұлов ауданында ең алғашқылардың бірі ретінде жүзеге асырылған.
Электр энергиясын үнемдеп, жаңа технологияларды қолдану арқылы қоршаған ортаға келетін зиян азайып, табиғат байлықтарын сақтаудың тиімді жолдары қарастырылуда. Әлемнің дамыған елдері бұл бағытта үлкен табыстарға жетіп отыр. Бүгінгі таңда Қарақыстақ ауылдық округіндегі тау шатқалында «Қарақыстақ» су электр стансасы жұмыс істеуде. Стансаның жобалық қуаты 2,3 мегаватты құрайды. Станса директоры Нұрдос Қалдыбалиннің айтуынша, станса 2013 жылы іске қосылған. Оның жобалық құны 1 миллиард 007,9 миллион теңге. 2013 жылдың 14 маусымында ашылған станса сағатына 2300 киловатт электр энергиясын өндіруде.
– Табиғат көздері – жел, күн мен су энергиясынан алынатын қуат көзін пайдалану арқылы әлемнің дамыған елдері дербес экономиканы қалыптастыруға көшкен. Мәселен, Оңтүстік Корея ішкі жалпы өнімнің үш пайызын немесе 60 миллиард АҚШ долларын «жасыл» сектордың дамуына бөледі. Сонымен қатар АҚШ «жасыл» экономиканы дамытудың негізгі бағыты ретінде баламалы энергияны жетілдіру жолын таңдады. Бұл тұрғыда біздің мемлекет те Елбасы, Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен 2013 жылдан «Жасыл» экономикаға өте бастады. «Қарақыстақ» су электр стансасы сол кездегі «жасыл» экономиканың алғашқы қарлығашы десе де болады, – дейді ол.
Табиғат көздері – су, жел және күн энергиясы сияқты жаңартылатын қуат көздерін пайдалану арқылы өндірілген өнім еліміздің біртұтас электр жүйесіне беріліп, KEGOC компаниясы арқылы таратылады. Бұл станса Қазақстандағы жасыл экономиканың алғашқы қарлығаштарының бірі саналады. Станса басшылығының айтуынша, мұндай жобалар еліміздің энергетикалық қауіпсіздігін арттырып қана қоймай, экологиялық тепе-теңдікті сақтауға және экономиканы әртараптандыруға мүмкіндік береді. Елімізде «жасыл» экономиканы өркендетуге мүмкіндік мол. Оған әлдеқайда тиімді әрі қолжетімді ұланбайтақ жер мен климаттық жағдай қолайлылық туғызады.
– Станса бүгінде ауыл тұрғындары үшін әлеуметтік маңызы бар нысанға айналған. Мұнда 15 адам тұрақты жұмыспен қамтылып отыр. Бұл өңір халқының табысын арттыруға, елді мекеннің әлеуметтік тұрақтылығына оң әсерін тигізуде. Сонымен қатар электр энергиясын дәстүрлі отын түрлерін пайдаланып өндірумен салыстырғанда, мұндай тәсіл әлдеқайда тиімді әрі табиғатқа зияны аз. Қоршаған ортаға зиянды қалдықтар шығарылмайды, көмірқышқыл газының таралуы тоқтайды, ал бұл – болашақ ұрпаққа таза табиғатты аманаттау жолындағы нақты қадам, – дейді директор.