Таразда кәсіпкерлік орта нығайып келеді

Таразда кәсіпкерлік орта нығайып келеді

Таразда кәсіпкерлік пен өнеркәсіп саласы қарқынды дамып келеді. Қалада бүгінде 44 мыңнан астам кәсіпкерлік субъектісі тіркелген. Өткен жылдың қорытындысы бойынша шағын және орта бизнесте жұмыспен қамтылғандар саны 79,6 мың адамға жетіп, өндірілген өнім көлемі 1 триллион теңгені құрады.

2026 жылдың қаңтар–мамыр айларында Таразда 291,9 миллиард теңгенің өнеркәсіп өнімі өндіріліп, нақты көлем индексі 107,6 пайызға жетті. Қала кәсіпорындары минералды тыңайтқыштар, химия өнімдері, құрылыс материалдары, азық-түлік, былғары аяқ киім және металл бұйымдарын өндіріп, ішкі нарықпен қатар экспортқа да шығарып келеді.

Мемлекеттік қолдау бағдарламалары аясында кәсіпкерлерге жеңілдетілген несие, пайыздық мөлшерлемені субсидиялау, кепілдік беру және өндірістік инфрақұрылыммен қамтамасыз ету шаралары ұсынылуда. Сондай-ақ «QazTrade» АҚ арқылы халықаралық көрмелер мен бизнес-форумдарға қатысуға мүмкіндік берілуде.

Тараздың индустриялық аймағында жалпы құны 262,9 миллиард теңгені құрайтын 22 инвестициялық жоба жүзеге асырылуда. Өткен жылы іске қосылған 14 жоба нәтижесінде 499 жаңа жұмыс орны ашылды. Биыл жыл соңына дейін тағы 19 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланған.

Мамандардың айтуынша, кәсіпкерлікті қолдау, жаңа өндірістерді іске қосу және экспорттық әлеуетті арттыру бағытындағы жұмыстар өңір экономикасының тұрақты дамуына, жаңа жұмыс орындарының ашылуына және кәсіпкерлік ортаның нығаюына оң әсерін тигізіп отыр.