
Т. Рысқұлов ауданында агроөнеркәсіп кешені мен өндіріс саласында жалпы саны 15-ке жуық ірі инвестициялық жоба жүзеге асырылуда. Бұл жобалар іске қосылғаннан кейін 98 жаңа жұмыс орны ашылады.
Ірі жобалардың қатарында жылына 10 миллион дана инкубациялық жұмыртқа өндіретін құс фабрикасының құрылысы, ірі қара мал бордақылау алаңдары, сүт-тауар фермасы, сүт өңдеу цехы, жаңбырлатып суару техникаларын құрастыру өндірісі, жеңіл автокөліктерге арналған тіркеме шығаратын цех, ауыз су өндіретін зауыт және кварцит өндіретін тау-кен байыту комбинаты бар. Сондай-ақ Катар инвесторларымен кварц тақталары, фарфор және керамика өндірісін бірлесіп дамыту жөнінде келіссөздер жүргізілуде.
«Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында ауданның 15 ауылдық округінен 121 азаматқа жалпы сомасы 873,9 млн теңге көлемінде қаржылай қолдау көрсетілді.
Аудан әкімі Ернар Есіркеповтің айтуынша, биылғы жылдың алғашқы бес айында ауыл шаруашылығы өнімінің жалпы көлемі 21,3 млрд теңгеге жетіп, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 3,2 млрд теңгеге артқан.
Биыл шаруаларға 11 183 тонна жеңілдетілген дизель отыны бөлініп, оның литрі 281 теңгеден сатылды. Сонымен қатар 11 шаруашылық 1 135 гектар алқапқа қант қызылшасын екті. Аудандағы аграршылардың пайдалануында 1 137 бірлік ауыл шаруашылығы техникасы бар. Жыл басынан бері жалпы құны 539,6 млн теңгеге 36 жаңа техника сатып алынған.
Экологиялық бастамалар да назардан тыс қалған жоқ. Жыл басынан бері ауданда 115 700 ағаш көшеті отырғызылды. Ал күзде «Жасыл белдеу» бағдарламасы аясында Жақсылық және Өрнек ауылдарында тағы 20 мың көшет егу жоспарланып отыр.