
Облыстағы сауда айналымы тұрақты өсім көрсетіп отыр. Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, биылғы қаңтар–мамыр айларында бөлшек сауда көлемі 227,8 млн теңгеге жеткен. Оның 96,6 пайызы жергілікті кәсіпкерлердің үлесіне тиесілі. Бұл өңірдегі ішкі нарықтың негізгі тірегі – отандық бизнес екенін аңғартады.
Бөлшек саудада азық-түлік емес тауарлар басымдыққа ие болып, жалпы көлемнің 66,8 пайызын құрады. Сонымен қатар сауда айналымының 59 пайызы шағын кәсіпорындар мен жеке кәсіпкерлер арқылы жүзеге асқан. Көтерме саудада да шағын бизнестің үлесі жоғары – 82,1 пайыз.
Өңірдегі тауар қоры да жеткілікті. Маусым айының басындағы есеп бойынша, бөлшек сауда орындарындағы қор дүкендердің шамамен 36 күн бойы үздіксіз жұмыс істеуіне мүмкіндік береді.
Азық-түлік бағасына келсек, мамыр айында картоптың орташа бағасы – 291 теңге, сәбіз – 308 теңге, пияз – 145 теңге, қияр – 539 теңге, қызанақ – 669 теңге болды. Дегенмен кәсіпкерлердің айтуынша, маусым айында кейбір көкөністердің көтерме бағасында өзгерістер байқалған.
Аудандық деңгейде баға айырмашылығы сақталған. Көптеген тауарлар бойынша Мойынқұм, Сарысу, Жуалы және Меркі аудандарында баға салыстырмалы түрде төмен болса, Шу, Қордай және Т.Рысқұлов аудандарында жоғарырақ қалыптасқан. Сарапшылар мұны логистика, халық саны, сауда айналымы және жергілікті өндіріс көлемімен байланыстырады.
Жалпы алғанда, өңірдегі сауда саласы тұрақты дамып, ішкі нарықтың негізгі бөлігін жергілікті кәсіпкерлер қамтамасыз етіп отыр. Ал азық-түлік бағасындағы маусымдық өзгерістерге қарамастан, тауар қорының жеткілікті болуы нарықтағы тұрақтылықты сақтауға мүмкіндік беруде.