«Жасыл ел» еңбек жасақтары: Жүйелі жұмыс жалғасады

«Жасыл ел» еңбек жасақтары: Жүйелі жұмыс жалғасады

Жуырда «Ауыл» партиясы облыс бойынша өңірлік филиалы Шерхан Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз университетімен бірлесіп студенттік және жастар еңбек жасақтарының кезекті маусымының республикалық ашылу салтанатын ұйымдастырды.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жастарды рухани және мәдени құндылықтарға баулумен қатар, олардың еңбекке белсенді араласуына, қоғамға жанашырлық танытуына ерекше мән беру қажеттігін атап өткен болатын. Осы міндеттерді іске асыру мақсатында елімізде жастарды қоғамдық маңызы бар жұмыстарға тартудың түрлі тетіктері жүзеге асырылып келеді. Соның ішінде өзінің тиімділігін дәлелдеген бастамалардың бірі – студенттік және жастар еңбек жасақтары қозғалысы.

Ашылу салтанаты еліміздің 19 өңіріндегі жоғары оқу орындары мен колледждердің базасында қатар өткізіліп, қатысушылар «Zoom» платформасы арқылы тікелей байланысқа шықты. Салтанатты жиынға ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, «Ауыл» партиясының төрағасы Серік Егізбаев қатысты.

Студенттік және жастар еңбек жасақтарының облысымызда өткен ашылу салтанатында жастарға алдағы еңбек маусымының мақсат-міндеттері түсіндірілді.

«Ауыл» партиясы облыстық филиалы аппаратының жетекшісі Бақтияр Бекназаров жастардың өңірдің дамуына қосар үлесінің маңыздылығын тілге тиек етті.

– Жамбыл өңірінде «Ауыл» партиясының ұйымдастыруымен өткен студенттік және жастар еңбек жасақтарының ашылу салтанаты барлығымызға маңызды міндет жүктеді. Жалпы облысымызда төрт еңбек жасағы құрылып, олар жазғы маусым барысында түрлі бағытта жұмыс атқаратын болады. Бұл бастама жастардың еңбекке араласуына, тәжірибе жинауына және қоғамдық жұмыстарға белсенді қатысуына мүмкіндік береді, – деді Б.Бекназаров.

Биылғы жобаға республика бойынша мыңнан астам жас қатысады деп күтілуде. Жоба аясында «Ауыл» партиясы жастарды жұмыспен қамту және еңбек дағдыларын дамыту бағытында 4 негізгі жасақтың жұмысын үйлестіреді. Олар – құрылыс, экология, клининг, сервис жасағы.

Жасақ мүшелері жаз бойы елді мекендерді абаттандыру, қоршаған ортаны қорғау, әлеуметтік нысандарда қызмет көрсету және басқа да қоғамдық маңызы бар жұмыстарға атсалысады.

«Ауыл жасақтары» қанатының мүшесі Едіге Өсер жастарды игі бастамаға үлес қосуға шақырды.

– Қазіргі таңда біздің қатарымызда 40 сарбаз бар. Олар төрт бағыт бойынша еңбек етеді. Негізгі мақсатымыз – жастарды еңбекке баулу, қоршаған ортаны таза ұстау және елді мекендерді көркейту жұмыстарына атсалысу. Біз қатарластарымызды бос уақытын тиімді өткізіп, пайдалы іске үлес қосуға шақырып жатырмыз, – дейді ол.

Студенттік және жастар еңбек жасақтары жастар үшін уақытша табыс табудың, әрі өмірлік тәжірибе жинаудың да маңызды мектебі болмақ. Мұнда олар ұжыммен жұмыс істеуді, жауапкершілікті сезінуді, тәртіп пен еңбекқорлықты үйренеді. Сонымен қатар экологиялық, әлеуметтік, аграрлық және өндірістік бағыттағы жұмыстарға араласу арқылы өңірлердің дамуына өз үлестерін қоса алады.

Мамандардың айтуынша, мұндай бастамалар жастар арасындағы жұмыссыздықты азайтып, олардың бойында патриоттық сезім мен азаматтық жауапкершілікті қалыптастыруға ықпал етеді. Сондықтан студенттік және жастар еңбек жасақтарының қозғалысы алдағы уақытта да өз жұмысын жалғастыра бермек.