«Бизнес қорғауда» – Жамбыл облысында кәсіпкерлік бастамаларды қолдау шаралары

«Бизнес қорғауда» – Жамбыл облысында кәсіпкерлік бастамаларды қолдау шаралары

Жамбыл облысы кәсіпкерлер палатасының алаңында Еуропадағы мотор майлары мен техникалық сұйықтықтардың жетекші өндірушілерінің бірі саналатын нидерландтық «Kroon-Oil» компаниясының өкілдері мен жергілікті «BAK Service» компаниясының басшылығы арасында кездесу өтті. Нәтижесінде тараптар ынтымақтастық туралы келісімге қол қойды.

Келісім аясында автосервис саласы мамандарының біліктілігін арттыруға бағытталған бірлескен білім беру жобалары жүзеге асырылады. Атап айтқанда, «BAK Service» оқу орталығының базасында халықаралық стандарттарға сәйкес мотор майларын таңдау, қолдану және ауыстыру технологиялары бойынша оқыту бағдарламаларын өткізу жоспарланған.

Облыстық кәсіпкерлер палатасы директорының міндетін атқарушы Айдар Әбдіқадыровтың айтуынша, мұндай серіктестіктер өңір кәсіпкерлеріне заманауи технологиялар мен халықаралық тәжірибеге қол жеткізуге мүмкіндік береді.

Айта кету керек, Жамбыл облысында халықаралық іскерлік байланыстарды дамыту бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жүргізілуде. Өңір Қытай, Түркия, Қырғызстан және Өзбекстанмен инвестициялық және өндірістік әріптестікті нығайтып келеді. Агроөнеркәсіп, өңдеу өнеркәсібі, жаңартылатын энергия көздері, құрылыс материалдарын өндіру және су үнемдеу технологиялары салаларында бірқатар бірлескен жобалар жүзеге асырылуда.

Сонымен қатар, жергілікті кәсіпкерлердің біліктілігін арттыруға ерекше көңіл бөлініп, халықаралық тағылымдамалар мен техникалық қолдау бағдарламаларына қатысу мүмкіндіктері кеңейтілуде.

Өңірде жүзеге асырылып жатқан бұл бастамалар Жамбыл облысының инвестициялық тартымдылығын арттыруға, жаңа жұмыс орындарын ашуға және жергілікті бизнестің бәсекеге қабілеттілігін күшейтуге бағытталған.