
Жамбыл облысында тұрғындарды баспанамен қамтамасыз ету және инженерлік инфрақұрылымды дамыту бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасуда. Бұл ретте Шу ауданында тұрғын үй құрылысы қарқын алып, халықтың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған бірқатар жобалар жүзеге асырылуда.
Соңғы жылдары мемлекет тарапынан тұрғын үй құрылысына қажетті жер телімдерін дайындау, инженерлік желілер тарту және әлеуметтік осал топтарды баспанамен қамту бағытында ауқымды жұмыстар атқарылды. Шу қаласы мен ауылдық округтерде жаңа тұрғын алқаптары игеріліп, ауыз су, электр энергиясы, газ және жол инфрақұрылымы кезең-кезеңімен дамытылуда.
Өткен жылы Шу қаласы, Төле би және Алға ауылдарынан сатып алынған тұрғын үйлер кезекте тұрған азаматтарға берілді. Жалпы 140 тұрғын үй мемлекеттік тұрғын үй қорына енгізіліп, 39 отбасы баспаналы болды. Оның басым бөлігі көпбалалы отбасыларға, жетім балаларға және халықтың әлеуметтік жағынан осал топтарына үлестірілді.
Тұрғын үйге деген сұраныспен қатар жеке тұрғын үй құрылысына арналған жер телімдеріне де қажеттілік жоғары. Бүгінде Шу қаласында 9 мыңнан астам азамат жер кезегінде тұр. Осыған байланысты жаңа тұрғын алқаптарын игеру және жер телімдерін беру жұмыстары жалғасуда.
Инженерлік инфрақұрылымды дамытуға да ерекше көңіл бөлінуде. Соңғы жылдары электр, су, газ және жол желілерін жүргізуге қомақты қаржы бөлініп, жаңа тұрғын алаптарында құрылыс жұмыстарын жүргізуге қолайлы жағдай жасалды. Нәтижесінде тұрғын үй құрылысының көлемі артып, пайдалануға берілген баспаналардың саны көбейіп келеді.
Сонымен қатар тұрғын үй және жер қатынастары саласындағы мемлекеттік қызметтерді цифрландыру жұмыстары жүргізілуде. Азаматтар жер теліміне өтініш беру, кезек мәртебесін бақылау және қажетті анықтамаларды алу қызметтерін электронды форматта пайдалана алады.
Жалпы, Шу ауданында тұрғын үй құрылысы мен инфрақұрылымды дамыту бағытындағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасып, тұрғындардың баспанаға қолжетімділігін арттыруға және қолайлы өмір сүру ортасын қалыптастыруға мүмкіндік береді.