
Мемлекеттік рәміздер күніне орай Тараз қаласындағы Тұңғыш Президент саябағында «Рәміздер рухы – Конституция күші» атты салтанатты іс-шара өтті. Елдік пен бірлікті ұлықтаған жиын Мемлекеттік Гимннің орындалуымен және Мемлекеттік Тудың көтерілу рәсімімен басталды.
Мерекелік шараға облыс тұрғындары, жастар, ардагерлер, спортшылар мен шығармашылық ұжымдар қатысты. Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев көпшілікті Мемлекеттік рәміздер күнімен құттықтап, рәміздердің ел өміріндегі маңызына тоқталды.
Аймақ басшысы өз сөзінде Мемлекеттік Ту, Елтаңба және Әнұран – Тәуелсіз Қазақстанның айбыны мен ел бірлігінің символы екенін атап өтті. Сондай-ақ Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың мемлекеттік рәміздердің ұлттық бірегейлік пен патриоттық құндылықтарды нығайтудағы рөлін үнемі ерекше атап келетінін жеткізді.
– Конституция мен мемлекеттік рәміздер – еліміздің тәуелсіздігін нығайтатын, мемлекетіміздің тұрақты дамуына негіз болатын басты құндылықтар. Мемлекеттік рәміздерге құрмет көрсету – әр азаматтың перзенттік парызы, – деді Ербол Қарашөкеев.
Облыс әкімі жастар арасында патриоттық рухты қалыптастырудың маңызын айтып, өңірдің қоғамдық-саяси дамуына үлес қосқан бірқатар азаматтарды марапаттады.
Салтанатты жиында халықаралық интеллектуалдық жарыстарда топ жарып жүрген дарынды оқушылар мен студенттердің есімдері аталып, құрмет көрсетілді. Сонымен қатар 70 бала қатысқан флешмоб көпшілік назарына ұсынылды.
Мерекелік шара барысында халықаралық ареналарда Қазақстанның көк байрағын желбіретіп жүрген спортшылар да сахна төріне шақырылды. «Джитай» спорт клубының арнайы көрсетілімі көрерменнің ыстық ықыласына бөленсе, облыстық полиция департаментінің жедел қимылдайтын арнайы жасағы қауіпсіздік тәсілдерін паш етті.
Іс-шара мерекелік концертке ұласты. Сахнада «Бақытты болашақ» оқушылар сарайының «Шаттық» үлгілі балалар хор ұжымы, «Жас дәурен» би ансамблі, №45 қазақ классикалық гимназиясының оқушылары, «Номад» тобы, «Жамбыл» триосы, «Ақкербез» би ансамблі мен мәдениет үйінің жігіттер тобы өнер көрсетті.
Айта кетейік, Мемлекеттік рәміздер күні биыл «Рәміздер рухы – Конституция күші» тақырыбымен аталып өтуде. Бұл бастама Ата Заңда айқындалған әділеттілік, заң үстемдігі, қоғамдық келісім және бірлік қағидаттарын кеңінен насихаттауға бағытталған.