Жаңа емханалар мен ауруханалар: халық денсаулығын жақсартуға бағытталған қадамдар

Жаңа емханалар мен ауруханалар: халық денсаулығын жақсартуға бағытталған қадамдар

Жамбыл облысында денсаулық сақтау жүйесін дамыту және жаңғырту бағытындағы жобалар кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда. Өңірде жаңа медициналық нысандар салынып, қолданыстағы мекемелерге күрделі жөндеу жүргізілуде, инфрақұрылым жаңартылуда. Бұл өз кезегінде тұрғындарға көрсетілетін медициналық көмектің қолжетімділігі мен сапасын арттыруға ықпал етуде.

Қазіргі таңда облыста 384 денсаулық сақтау нысаны жұмыс істейді. Оның ішінде 27 аурухана, 140 амбулаториялық-емханалық ұйым, 59 фельдшерлік-акушерлік пункт, 146 медициналық пункт, алты медициналық орталық және алты өзге де мекеме бар.

Медициналық инфрақұрылымды жаңғырту жұмыстары кезең-кезеңімен жүргізілуде. 2025 жылы денсаулық сақтау нысандарын күрделі жөндеуге 1,5 миллиард теңге бөлініп, оның нәтижесінде 11 медициналық мекеме жаңартылды. Ал 2026 жылы бұл жұмыс жалғасып, тағы бес нысанға күрделі жөндеу жүргізуге 660,2 миллион теңге қарастырылған.

«Қамқорлық» жобасы аясында Байзақ ауданындағы Дихан ауылында орналасқан облыстық мамандандырылған оңалту орталығына жүргізілген күрделі жөндеу жұмыстары толық аяқталды. Сонымен қатар, Қордай ауданындағы Арал ауылдық фельдшерлік-акушерлік пунктінде, Жуалы ауданындағы Түктібай және Қызырық ауылдарының медициналық пункттерінде, сондай-ақ Т. Рысқұлов ауданындағы Құмарық ауылдық дәрігерлік амбулаториясында жөндеу жұмыстары жалғасуда.

Өңірде жаңа денсаулық сақтау нысандарын салуға ерекше көңіл бөлінуде. 2025 жылы жалпы құны 4,1 миллиард теңгені құрайтын бес медициналық нысанның құрылысы жүргізілді. Бүгінгі күні олардың төртеуі пайдалануға берілді.

Атап айтқанда, Қордай ауданындағы Сортөбе ауылында бір ауысымда 200 келушіні қабылдайтын емхана, Үлкен Сұлутөр ауылындағы дәрігерлік амбулатория, Меркі аудандық ауруханасының қабылдау бөлімін кеңейту және қайта жаңғырту жобасы, сондай-ақ Талас ауданындағы Ақкөл ауылдық дәрігерлік амбулаториясы іске қосылды.

Сонымен қатар, 200 төсек-орынға арналған Талас орталық аудандық ауруханасы ғимаратын қайта жаңғырту жұмыстары жалғасуда. Аталған жоба 2026 жылға өтпелі нысан болып табылады. Қазіргі уақытта құрылыс-монтаж жұмыстарының 50 пайызы орындалған.

Бұдан бөлек, биыл тағы екі нысанның құрылысы жүргізілуде. Тараз қаласындағы «Балауса» шағынауданында компьютерлік томография және маммография модульдеріне арналған гараж құрылысының 50 пайызы аяқталды. Сондай-ақ Шу қалалық ауруханасының қабылдау бөлімінің кіреберіс тобын салу жұмыстары жалғасуда. Мұнда орындалған жұмыс көлемі 5 пайызды құрайды.

Медициналық инфрақұрылымды дамыту өңірдің әлеуметтік саясатының басым бағыттарының бірі болып қала береді. Жаңа жобаларды іске асыру және қолданыстағы мекемелерді жаңғырту пациенттер мен медицина қызметкерлері үшін қолайлы жағдай жасауға, сондай-ақ көрсетілетін медициналық қызметтердің сапасын арттыруға мүмкіндік береді.