
Жамбыл облысы туризмді дамытуға қолайлы өңірлердің бірі саналады. Табиғатының әсемдігі, жұмсақ климаты, тарихи мұралары мен ерекше ландшафтары бұл аймаққа саяхатшылардың қызығушылығын арттыруда. Облыс аумағында шөлейтті алқаптар, таулы шатқалдар, альпілік шалғындар мен сирек кездесетін өсімдіктер қатар орналасқан. Әлемде тек осы өңірде өсетін Грейг, Кауфман, Колпаковский қызғалдағы сияқты эндемик өсімдіктер табиғаттың ерекше байлығын көрсетеді.
Өңірде табиғатты қорғау мақсатында 10 ерекше қорғалатын табиғи аумақ құрылған. Сонымен қатар Қаратау жотасында геопарк ашу жоспарланып отыр. Бұл жоба геологиялық мұраларды таныстыруға және экотуризмді дамытуға мүмкіндік береді.
Жамбыл облысы тарихи-мәдени туризм бағытында да үлкен әлеуетке ие. Өңірде 3510 тарихи ескерткіш бар. Ұлы Жібек жолындағы Баласағұн, Құлан, Өрнек, Қостөбе қалашықтары мен Ақыртас сарай кешені ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұралар тізіміне енген. Сонымен бірге Айша бибі, Қарахан, Тектұрмас кесенелері, Көне Тараз қалашығы туристер мен зияратшылар көп баратын орындарға айналды.
Тараз қаласының тарихы екі мың жылдан асады. Көне дәуірде бұл қала Қарахан мемлекетінің астанасы әрі Ұлы Жібек жолының маңызды орталығы болған. Қала туралы қытай және византиялық деректерде де жазылған.
Өңірде зиярат туризмі де дамып келеді. Қазақстанның «100 киелі нысаны» тізіміне Жамбыл облысынан сегіз ескерткіш енгізілген. Солардың қатарында Айша бибі, Бабаджа хатун, Қарахан кесенелері, Ақыртас кешені және Мерке-Жайсан мемориалы бар.
Туристерге қолайлы жағдай жасау мақсатында облыста 225 қонақ үй мен демалыс орны, 395 тамақтану нысаны, жеті шипажай жұмыс істейді. Соңғы жылдары жаңа туристік маршруттар әзірленіп, жол және инженерлік инфрақұрылым тартылуда.
2025 жылы туризм саласында 19 инвестициялық жоба жүзеге асырылып, 320 жаңа жұмыс орны ашылды. Тараз қаласында «Hilton», «Sheraton» секілді халықаралық қонақүйлер салу жоспарланған. Бұл жобалар Жамбыл облысының туристік әлеуетін арттырып, өңір экономикасының дамуына серпін береді.