Сарысу ауданында әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасуда. Соның айқын дәлелі ретінде Жаңатас қаласында жаңа тұрғын үй пайдалануға берілді. Бұл игі бастама аудан тұрғындарының әл-ауқатын арттырып қана қоймай, өңірдің әлеуметтік-экономикалық әлеуетінің нығайып келе жатқанын көрсетеді.
15 мамыр – Отбасы күні қарсаңында 6 шағынауданда орналасқан 60 пәтерлі №11/3 тұрғын үйдің ашылу салтанаты өтті. Жаңа баспаналар әлеуметтік осал топтағы азаматтарды тұрғын үймен қамтамасыз ету мақсатында салынған. Салтанатты шараға қатысқан аудан әкімі Сәкен Мамытов тұрғындарды мерекемен құттықтап, жаңа қоныс иелеріне ақжарма тілегін жеткізді.
Шара барысында тұрғын үй кілттері иелеріне салтанатты түрде табысталды. Сонымен қатар, аудандық ардагерлер кеңесі мен қоғамдық кеңес өкілдері мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан әлеуметтік қолдаулардың маңыздылығына тоқталды. Жаңа пәтер иелері де ризашылықтарын білдіріп, ел игілігі жолындағы жұмыстарға жоғары бағасын берді.
Айта кету керек, құрылыс жұмыстарын «БурМонтаж» ЖШС жүзеге асырған. Жоба 2025 жылы басталып, қысқа мерзім ішінде сәтті аяқталған. Бұл аудан аумағында құрылыс саласының қарқынды дамып келе жатқанын аңғартады.
Бүгінде Сарысу ауданында тұрғындарды баспанамен қамту, инфрақұрылымды жаңарту, әлеуметтік нысандар салу бағытындағы жұмыстар кезең-кезеңімен жүзеге асырылып келеді. Мұндай жобалар халықтың өмір сүру сапасын арттырып қана қоймай, ауданның инвестициялық тартымдылығын да күшейте түсуде.
Жалпы, Жаңатастағы жаңа тұрғын үйдің пайдалануға берілуі – ауданның даму қарқынының нақты көрінісі. Алдағы уақытта да осындай ауқымды жобалар жалғасын тауып, ел игілігіне қызмет ете бермек.