
ТАРАЗ. 1 мамыр күні Тараз қаласындағы «Көне-Тараз» этномәдени кешенінің аумағында орналасқан Достық үйінің алаңында Қазақстан халқының бірлігі күніне орай «Татулықтың тұтқасы, бірліктің бесігі!» атты ауқымды мерекелік іс-шара өтті. Шараны Жамбыл облысы әкімдігінің ақпарат және қоғамдық даму басқармасына қарасты «Қоғамдық келісім» КММ ұйымдастырды.
Бұл мереке еліміздегі этносаралық келісім мен қоғамдық тұрақтылықтың, сондай-ақ түрлі этнос өкілдерінің бір шаңырақ астындағы татулығының айқын көрінісіне айналды. Салтанатты жиында Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Серік Сәлемов сөз сөйлеп, жиналған қауымды мерекемен құттықтады. Ол өңірдің дамуына және қоғамдық келісімді нығайтуға үлес қосқан этнос өкілдерін арнайы марапаттады.
Мерекелік бағдарлама өңірдегі этномәдени бірлестіктердің тарихы мен дәстүрлерін паш ететін, жасанды интеллект арқылы жасалған заманауи бейнеролик көрсетілімімен басталды. Шара аясында «Достық шаңырағы астында» атты көрме ұйымдастырылып, алты шатырда ұлттық тағамдар, қолөнер бұйымдары мен салт-дәстүр көріністері көпшілік назарына ұсынылды.
Спорт сүйер қауым ұлттық спорт түрлерінен, атап айтқанда мас-рестлинг, қол күресі, гір көтеру, асық ату, ләңгі тебу және арқан тартудан бақ сынасты. Сонымен қатар, қой көтеру, жастықпен төбелес және бағанаға шығу сияқты этномәдени бірлестіктердің ұлттық ойындары көрермендерге ерекше көңіл күй сыйлады.
Кішкентай қонақтар да назардан тыс қалмады: олар үшін арнайы ойын-сауық бағдарламасы қарастырылып, цирк өнерпаздары, аниматорлар мен клоундар өнер көрсетті және тәттілер таратылды.
Кештің концерттік бөлімінде «Ақкербез» би ансамблі қазақтың көркем «Аманат» биімен көрерменге көтеріңкі көңіл күй сыйлады. Облыстық филармония әртістері мен этномәдени бірлестіктердің шығармашылық ұжымдары патриоттық әндер мен халық билерін орындап, түрлі халықтардың мәдениетін паш етті. Мерекелік шара барша қауымды біріктірген аты аңызға айналған «Атамекен» әнімен қорытындыланды.
Фото Ю.Ким