Адал еңбек абыройға бөлейді

Адал еңбек абыройға бөлейді

Елімізде ұзақ жылдар бойы маңдай терін төгіп, адал еңбегімен елге танылған абыройлы жандар аз емес. Солардың бірі – Жуалы ауданының тұрғыны, сушаруашылығы саласының білікті маманы Дәулетбай Нұрабаев. Ол жарты ғасырға жуық уақыт бойы осы салада табанды еңбек етіп, кәсібилігімен де, адамгершілік қасиетімен де көпке үлгі болып келеді.

Дәулетбай Мырзайұлы еңбек жолын 1984 жылы «Қазсушар» республикалық мемлекеттік кәсіпорны Жамбыл филиалының Жуалы аудандық «Ақсай» өндірістік бөлімшесінде су бақылаушы болып бастаған. Жауапкершілігі мен іскерлігінің арқасында қызмет сатысымен көтеріліп, канал учаскесінің басшысы, ал 2000 жылдан бастап өндірістік бөлімшенің басшысы қызметін абыроймен атқарып келеді.

1963 жылы Қайрат ауылында дүниеге келген ол жастайынан еңбекке бейім болып өсті. №2 Мыңбұлақ орта мектебін жақсы аяқтаған соң, білімін Жамбыл гидромелиоративтік құрылыс институтында жалғастырып, инженер-гидротехник мамандығын меңгерді. Еңбек жолында тәжірибелі мамандардан тәлім алып, кәсіби біліктілігін шыңдай түсті. Кейін өзі де жас мамандарға бағыт-бағдар беретін тәлімгерге айналды.

Бүгінде оның тәрбиесін көрген шәкірттері сушаруашылығы саласының тәжірибелі мамандары қатарында еңбек етіп жүр. Бұл – оның ұстаздық еңбегінің де жемісі.

«Ақсай» өндірістік бөлімшесі аудан экономикасында маңызды орын алады. Бөлімше арқылы 7 мың гектардан астам егістік алқап суарылады. Суару маусымында жүздеген шаруашылық «Көксай», «Ақсай» және «Тихий» каналдары арқылы тұрақты түрде сумен қамтылып отыр. Бұл өңірдегі ауылшаруашылығының дамуына, өнімділіктің артуына оң әсерін тигізуде.

Саланы дамыту бағытында да жүйелі жұмыстар атқарылып келеді. Соның нәтижесінде каналдар жаңғыртылып, инфрақұрылым жақсартылған. Мұның барлығы – ұжымның үйлесімді еңбегінің және басшының тиімді ұйымдастырушылық қабілетінің көрінісі.

Дәулетбай Нұрабаевтың еңбегі мемлекет тарапынан да жоғары бағаланған. Ол «Сушаруашылығы саласының ардагері» медалімен, «Қазақстан Тәуелсіздігіне – 25 жыл» мерекелік медалімен марапатталған. Сонымен қатар, кәсіби мерекесі қарсаңында оған «Құрмет» ордені табысталды. Бұл – ұзақ жылдар бойғы адал еңбектің лайықты бағасы.

Өз сөзінде ол бұл жетістіктерді жеке еңбегінің ғана емес, бүкіл ұжымның ортақ табысы екенін атап өтеді. Сонымен қатар, жас мамандарға білгенін үйретуді азаматтық парызы санайды.

Отбасында да үлгілі әке атанған ол жары Анар Болысбекқызымен бірге төрт бала тәрбиелеп өсірген. Ұлы Жанболат әке жолын жалғап, бүгінгі күні сушаруашылығы саласында еңбек етуде.

Адал еңбекті өмірлік ұстанымына айналдырған азаматтың өмір жолы – кейінгі буынға өнеге. Расында да, табандылық пен жауапкершілік, еңбекке деген құрмет адамды абырой биігіне жетелейді.