
Тараз қаласында агроөнеркәсіп кешенін дамыту мәселелері бойынша облыс әкімінің орынбасары Әбілхайыр Тамабектің, салалық басқармалар, қаржы институттары және өңдеу кәсіпорындары өкілдерінің қатысуымен кеңес өтті.
Кеңес отырысында негізгі бағыттар Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев айқындаған міндеттермен сабақтастырылды. Атап айтқанда, ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемін екі есеге арттыру, терең өңдеуді дамыту, «өндірушіден сөреге дейін» тізбегін қалыптастыру, саланы цифрландыру және экспорттық әлеуетті кеңейту басымдық ретінде белгіленді. Сонымен қатар мал шаруашылығын қолдау, ауыл шаруашылығы жерлерін толық айналымға беру және жасанды интеллект элементтерін қоса алғанда заманауи технологияларды енгізу мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Биыл өңірде егіс алқаптарын 665,4 мың гектарға дейін ұлғайту жоспарлануда. Бұл ретте дақылдарды әртараптандыруға және суды көп қажет ететін бағыттарды қысқартуға басымдық берілмек. Суармалы инфрақұрылымды жаңғырту жұмыстары жалғасып, ондаған канал жөнделіп жатыр. Бұл шаралар аграрлық өндірістің тұрақтылығын арттыруға бағытталған.
Қант қызылшасына қатысты жағдай да жеке қаралды. 2024 жылғы рекордтық өнімнен кейін егіс көлемі қысқарып, бұл қайта өңдеу көлеміне әсер етті. 2025 жылы саланы субсидиялауға 2,7 миллиард теңге қарастырылған. Алайда жаңа бюджет мүмкіндіктері 2027 жылы күтілетіндіктен, аграрияларға несие жүктемесіне мұқият қарау ұсынылды.
Перспективалы бағыттардың бірі ретінде жүгері егісін кеңейту ұсынылды. Өнімнің бір бөлігі қайта өңдеуге, соның ішінде Fufeng Group кәсіпорнына жеткізілмек. Кәсіпорын бекітілген сатып алу бағасын және уақтылы есеп айырысуды кепілдендіреді. Сонымен қатар мамандар ауыспалы егіс жүйесін сақтау, суару режимін қамтамасыз ету және топырақ құнарлылығын қорғау қажеттігін атап өтті.
Кездесу қорытындысында сала мамандары су ресурстары, мемлекеттік қолдау шаралары және нарықтық жағдайды ескере отырып, егіс құрылымын айқындауы тиіс. Негізгі мақсат — өндіріс тиімділігін арттыру және саланы технологиялық жаңғырту.