
Ауыл – қазақтың рухани тірегі, елдіктің бастауы. Жамбыл ауылдық округі де осы қасиетті құндылықты сақтап, еңбектің күшімен өркендеп келе жатқан өңірлердің бірі. Шәкен Ниязбеков және Қапал ауылдарын біріктіретін округте егіншілік пен мал шаруашылығы қатар дамып, талай үлгілі істер жүзеге асып отыр.
Мұнда жалпы 87 шаруа қожалығы жұмыс істейді. Соның 15-і мал өсірсе, қалғаны егіншілікпен айналысады. Жердің құнарлылығы мен тұрғындардың еңбексүйгіштігі өнім көлеміне әсер етуде. 3553 гектар жайылым, 5532 гектар суармалы және 2588 гектар егістік алқап ауылдың негізгі тіршілік көзін қамтамасыз етеді. Жоңышқа, бидай, арпа, қызылша, пияз, жүгері сияқты маңызды дақылдар тұрақты өсіріледі. Мал шаруашылығы да жақсы жолға қойылған: жылқы – 1600, ірі қара – 2700, қой – 26100 басқа жеткен.
Ауылдағы жұмыс жүйелілігі мен шаруалардың ықпалдасуы көптің көңілінен шығады. Әкімшілік пен қожалықтар арасындағы байланыстың нығаюы да игі нәтижесін беруде. «Ақжол-Агро», «Бесжылдық», «Баракат», «Әлібай», «Байдос» сынды шаруашылықтардың еңбектері көпке үлгі. Округ мамандары да жердің жағдайын бақылап, шаруа иелерімен бірлесіп жұмыс істеуге барынша күш салуда.
Сол шаруашылықтардың бірі – «Төлендиев» қожалығы. Баянбай Төлендиев негізін қалаған бұл еңбек ошағын бүгінде оның ұлы Талғат жалғастырып келеді. 125 гектар жерге бидай, арпа, пияз және жоңышқа егіп, жақсы түсім алып отыр. Жоңышқаның 70 гектар алқабын жылына екі рет орып, мыңдаған түк шөп дайындайды. Техникасы жеткілікті, жұмысшылары тұрақты жалақымен және үлесімен қамтамасыз етіледі. Талғат Баянбайұлы әке жолын ардақтап, шаруаны заман талабына сай дамытып отырған еңбеккер.
Округтегі тағы бір табысты қожалық – «Дархан», төрағасы Сәкен Үсенбаев. 40 гектар жерге жүгері мен жоңышқа егетін шаруашылық көлемі шағын болғанымен, табысы жақсы. Сәкеннің айтуынша, жүгері де, жоңышқа да – мал азығына қажетті әрі табыс әкелетін өнім. Жерін күтіп-баптап, техникасын жаңартып, мал басын арттыруға да күш салып келеді. Өз отбасынан бөлек, бірнеше адамды жұмыспен қамтып отырғаны да үлкен жетістік.
Қапал ауылындағы «Жанболат» қожалығы да округтегі белсенді шаруашылықтардың бірі. 55 гектарға қант қызылшасын, жоңышқа мен жүгері егеді. Техникасы жеткілікті, жұмысшыларының айлығы уақытылы беріледі. Жылқы өсіруді қолға алған қожалықта 40-тан астам жылқы бар. Алдағы уақытта жылқы санын көбейту – негізгі мақсаттарының бірі. Жерді тыңайту, тыңайтқыштарды дұрыс қолдану сияқты әдістер өнімділікті арттыруға оң әсерін тигізуде.
Бұл қожалықтардың әрқайсысының жетістігі – ауыл адамдарын біріктірген еңбектің, тату тірліктің жемісі. Ауылдастарының татулығы мен қолдауы – шаруаларға күш беріп отырған басты құндылық.
Жамбыл ауылдық округінде еңбекке адалдық, жерге деген құрмет әлі де биік. Ауылдың тұнық болмысы, адамдардың қарапайымдылығы мен бірлігі осы өңірді ерекше етеді. «Ауыл – алтын бесік» деген сөздің мағынасы дәл осындай тіршіліктің ортасында айқындала түседі.