Қордай ауданында ауылдық мәдениет үйі пайдалануға берілді

Қордай ауданында ауылдық мәдениет үйі пайдалануға берілді

Қордай ауданына қарасты Қақпатас ауылдық округінде жаңа мәдениет үйі ашылып, пайдалануға берілді. Оның ашылу шарасына Қордай ауданының әкімі Б. Болатбеков қатысып, тұрғындарды жаңа нысанның ашылуымен құттықтады.

Екі қабатты ғимаратта 180 орындық концерттік зал, киім бөлмесі бар. Сонымен қатар қызметтік кабинеттермен, үйірме және оқытушы бөлмелерімен жабдықталған.

«Құрметті Қақпатас ауылының тұрғындары! «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында Қақпатас ауылында бой көтерген 180 орындық жаңа мәдениет үйінің салтанатты ашылу рәсіміне куә болып отырмыз. Бұл – тек бір ғимараттың ашылуы емес, бұл – ауылдың жаңа тынысы, Қақпатас ауылының мәдени-рухани даму жолындағы маңызды қадам»,-деді аудан басшысы ашылу салтанатында.

«Бұл нысан біздің ауылымыздың мәдени өмірінің өркендеуіне, шығармашылықтың дамуына және тұрғындарымыздың мәдениетке деген қызығушылығын арттыруға үлкен үлес қосатынына сенімдімін. Енді бізде жастарымыздың дарындарын ашу, мәдени шараларды өткізу және тұрғындар арасындағы байланыстарды нығайту үшін тамаша мүмкіндік пайда болды»,-деді ауыл ақсақалы М. Досжанов.

Айта кетейік, Қақпатас ауылдық округінің халық саны 3 мыңнан астам тұрғынды құрайды.