Жоғары өмір сапасы үшін: Жамбыл облысындағы коммуналдық сала жұмысы туралы

Жоғары өмір сапасы үшін: Жамбыл облысындағы коммуналдық сала жұмысы туралы

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қыркүйек айындағы Қазақстан халқына Жолдауында тұрғын үй-коммуналдық және су инфрақұрылымын жаңғырту міндетін қойып, инфрақұрылым тозуын азайту, тарифтерді ырықтандыру және қызмет сапасы мен сенімділігін арттыру қажеттігін атап өтті. Жамбыл облысында бұл бағыттар жүйелі түрде жүзеге асырылуда.

Өңірде көпқабатты үйлерге күрделі жөндеу жүргізілуде. 1855 көпқабатты үйдің 657-сі жөнделген, 620-сы қанағаттанарлық жағдайда, 578-і жөндеуді қажет етеді. Авариялық үй тіркелмеген. 2011–2024 жылдары 23,8 млрд теңгеге 657 үй күрделі жөндеуден өтті: республикалық бюджет есебінен – 444, жергілікті бюджеттен – 63, қайтарымды қаражат есебінен – 148 үй. Өткен жылы Тараз, Жаңатас, Шу және Т. Рысқұлов ауданында 5,9 млрд теңгеге 81 үй жөнделді.

2025–2028 жылдарға арналған өңірлік жоспар әзірленіп, 349 үйді жаңарту көзделген. Бұл жөндеу қажет ететін көпқабатты үйлердің үлесін 12 пайызға дейін төмендетеді. Биыл 87 үйді жөндеуге облыс 8,3 млрд теңгеге бюджеттік өтінім берген, бірақ қолдау көрсетілмеген.

Таразда коммуналдық инфрақұрылымды жаңарту ауқымды түрде жүргізілуде. Қалада көше жарықтандыру жұмыстары жалғасуда: өткен жылы 85 көшеге шам орнатуға жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп, биыл 71 көшеде жұмыстар атқарылды. 63 көшеде жарық толық орнатылды, сегіз көшеде жыл соңына дейін аяқталады. 14 көшенің жұмыстары 2026 жылға ауыстырылды. Қаладағы 307 көпқабатты үйдің ауласы жарықтандырылды. Сейфуллин көшесіндегі жарықтандыру толық аяқталды, Ұлы Дала шағын ауданында мектеп маңдары, аулалар және негізгі көшелер жарықтандырылды.

Биыл қала бюджетінен аулаларды абаттандыруға, оның ішінде балалар ойын алаңдарын салуға қаражат бөлініп, 25 мекенжайда жұмыстар толық аяқталды.

Таразда жалпы ұзындығы 2214,5 километрді құрайтын 1715 жол бар, оның 1473 километры асфальтталған. Бұл тұрақты жөндеу, қалпына келтіру, жолдар мен жаяу жүргінші жолақтарын жаңарту қажеттігін талап етеді. Биыл 61,4 шақырымды қамтитын 26 жоба бойынша орташа жөндеу жүргізілуде. 12 жоба аясында ұзындығы 35,3 шақырым жаңа жаяу жүргінші жолдары салынды. Ұлы Дала шағын ауданында жаңа жаяу жол құрылуда. Рысбек батыр, Көйлгелді және Асқаров көшелеріндегі жаяу жүргінші жолдарын қайта жаңарту жұмыстары аяқталды.