Қант қызылшасын қабылдау қарқынды жалғасуда

Қант қызылшасын қабылдау қарқынды жалғасуда

Меркі ауданында қант қызылшасын жинау науқаны қарқынды жүріп жатыр. Аудандағы шаруашылықтар мен «Меркі қант зауыты» ЖШС тәтті түбірді қабылдау және өңдеу жұмыстарын ұйымдасқан түрде жүргізуде.
«Smartagro Karkara» серіктестігінің басшысы Нұргелді Әбжапаров 600 гектар егістік алқабында жүргізіліп жатқан жұмыстармен таныстырды. Биыл шаруашылық қант қызылшасынан бөлек арпа және бидай еккен. Жаңбырлатып суару технологиясын тиімді қолданудың нәтижесінде әр гектардан 60 тонналық өнім алынуда. Егін жинау науқанына 73 техника мен 25 адам тартылған. Келесі жылы шаруашылық жүгері егіп, егістік алқабын әртараптандыруды көздеп отыр. Жаңадан алынған техникалар қант қызылшасын жинауды айтарлықтай жеңілдеткен.
Сонымен қатар, «Жансая» ЖШС-нің 100 гектарға егілген қант қызылшасы алқабында да қызу жұмыс жүріп жатыр. 2002 жылы құрылған серіктестікте 15 адам еңбек етеді, 28 техника бар. Келесі жылы шаруашылық алқапқа тамшылатып суару жүйесін енгізуді жоспарлап отыр.
Меркі қант зауытында өнімді қабылдау және өңдеу жұмыстары қалыпты режимде жүріп жатыр. Зауытта қант құрамын анықтайтын зертхана, сондай-ақ кагаттық алаң қызмет көрсетуде. Кептеліс тудырмау мақсатында өнімді қабылдау әр ауданға белгіленген лимит бойынша талондар арқылы жүзеге асырылуда. Шаруалардың айтуынша, өнімді өткізу кезінде ешқандай кедергі жоқ.
Биыл 5,3 мың гектар алқаптан таза салмақта 250 мың тонна қант қызылшасын жинау жоспарланған. 2025 жылдың 10 қазанынан бастап Меркі қант зауыты тәтті түбірді қабылдауды бастаған. Қазіргі уақытқа дейін 2,3 мың гектардан 122,6 мың тонна өнім жиналып, оның 101,1 мың тоннасы зауытқа өткізілген.
Зауыт тәулігіне 5 мың тонна қант қызылшасын қабылдап, 2,5 мың тоннадан астам өнім өңдеуде.
Шаруаларға қант қызылшасының әр келісіне 38 теңге субсидия төленеді: оның 25 теңгесін мемлекет, 13 теңгесін зауыт өз есебінен береді.