
Бір кездері аудан орталығы болған Талас ауданындағы Ақкөл ауылында соңғы жылдары әлеуметтік маңызды шаралар шындап қолға алынуда. Әсіресе ауыл түлектерінің «Жомарт жүрек» жобасы аясында жасап отырған тірліктеріне ауыл тұрғындары риза.
Ақкөл ауылдық округінің әкімі Жандос Ратовтың айтуынша, ағымдағы жылы Д.Қонаев және С. Шәкіров көшелеріне жаяу жүргіншілер жолын салу жұмыстары жүргізіліпті. Сондай-ақ аудандық бюджеттен қаржы қарастырылып, әкімдік ғимараты жанында орналасқан «Тәуелсіздік аллеясын» абаттандыру жұмыстары жүргізіліп, аллея аумағы кеңейтіліп, жарық шамдары мен орындықтар да орналастырылыпты. Сонымен қатар демеушілер есебінен саябақ жанына балалар ойын алаңы мен «Street Workout» спорттық алаңы салынған.
Ақкөл орта мектебіне жүргізілген күрделі жөндеу жұмыстары аяқталып, жаңа оқу жылында пайдалануға берілген. Бұдан өзге Еңбек ерлері мен Ойық көшелерін жарықтандыру, Ы. Алтынсарин және Ақкөл орта мектептеріне баратын жаяу жүргіншілер жолына жарық шамдар орнату жұмыстары қараша айының аяғында аяқталады деп күтілуде екен.
Мектеп оқушыларына ыңғайлы болу үшін Ы. Алтынсарин және Ақкөл орта мектептеріне баратын жаяу жүргіншілер жолына орта жөндеу жұмыстары жүргізіліп, толық асфальтталыпты. Бүгінгі күні ауылдық округте, Д. Қонаев көшесі бойынан 0, 5600 гектар жерге жаңа дәрігерлік амбулатория құрылысы жүргізіліп жатыр, сондай-ақ жаңа ветеринариялық пункт құрылысы да басталған.
– «Жомарт жүрек» жобасы аясында 2005 жылы мектеп бітірген түлектер 8 миллион теңгеге демалыс саябағын пайдалануға берсе, 1995 жылғы мектеп бітіруші түлектер екі отбасына газ құбырын жүргізіп берді. Жыл сайын осындай түлектердің көмегімен, демеуімен көптеген игі шаралар атқарылуда. Демеушілер есебінен ауыл мешітіне бейне бақылау камералары орнатылды. Сондай-ақ жол қауіпсіздігінің алдын алу мақсатында ауылдың кіреберісіне сергек камералары орнатылып, бейне бақылау камералары іске қосылды. Ауыл ішінде орналасқан ұңғымадан су резервуарына дейін 3 шақырым су құбыры жүргізіліп, ұңғымадан шыққан су блок-модульді контейнерге жеткізіліп, тұщыландырып, ауыл тұрғындарына қосымша тұтынуға берілуде, – дейді ауыл әкімі Жандос Ратов.