Қордай ауданының Қақпатас ауылында жаңа мәдениет үйі қолданысқа берілмек

Қордай ауданының Қақпатас ауылында жаңа мәдениет үйі қолданысқа берілмек

«Ауыл – ел бесігі» ұлттық жобасы аясында Қордай ауданының Қақпатас ауылында жаңа мәдениет үйінің құрылысы аяқталып, нысанды қолданысқа беру жоспарлануда.

Құрылысты «ПМК-109» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүргізді. Заманауи талаптарға сай салынған мәдениет үйі түрлі үйірмелер мен шығармашылық бағыттағы сабақтарға арналған кабинеттермен қамтылған.

Мұнда хореография, домбыра, қолөнер сияқты үйірмелерді ашу жоспарланып отыр. Жаңа мәдениет ошағы ауыл тұрғындарының бос уақытын тиімді өткізуіне, жастардың шығармашылық қабілеттерін дамытуға және мәдени-рухани іс-шараларды ұйымдастыруға кең мүмкіндік береді.

Айта кетейік, бұған дейін Республика күніне орай Үлкен Сұлутөр ауылында 90 орындық жаңа мәдениет үйі қолданысқа берілген болатын.

Жалпы, ауданда мәдениет саласында оң өзгерістер байқалуда — жаңа нысандар бой көтеріп, мәдениет үйлерінің материалдық-техникалық базасы жаңартылуда.