
Таразда Ш. Уәлиханов атындағы Жамбыл облыстық әмбебап ғылыми кітапханасының 85 жылдық мерейтойына орай «Цифрлы қоғам және кітапхана» атты республикалық кітапханашылар конференциясы өтті.
Кітапхана саласындағы заманауи үрдістер мен цифрландыру дәуіріндегі жаңа мүмкіндіктер, инновациялық тәжірибелерді талқылауға арналған кәсіби алаңға еліміздің 10 өңірінен 300-ден астам кітапханашы қатысты.
Конференцияның ашылу рәсімі А.Тоқпанов атындағы Жамбыл облыстық қазақ драма театры актерлерінің «Тараз шайырлары» атты театрландырылған прологымен басталды. Шара барысында Жамбыл облысы әкімінің орынбасары С. Сәлемов құттықтау сөз сөйлеп, кітапхана ісінің дамуына зор үлес қосқан үздіктерге арнайы марапаттар табыс етті.
Конференция жұмысына облыс әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту басқармасының басшысы Е. Жүнісбай модераторлық етті. Сондай-ақ, еліміздің жетекші кітапхана басшылары - ҚР Ұлттық академиялық кітапханасының директоры К. Сейітова, ҚР Ұлттық кітапханасының директоры Ғ. Құдайбергенова, Қ.Сыдықов атындағы Маңғыстау облыстық әмбебап ғылыми кітапханасының директоры З. Айтуарова, Түркістан облыстық Фараб әмбебап ғылыми кітапханасының директорының орынбасары Ш. Байжігітова баяндама жасады. Баяндамашылар кітапхана қызметіндегі жаңа технологиялар мен IT-шешімдерді қолдану жолдарын қарастыру мәселелерін қозғады.
Конференцияның пленарлық отырысы «Заманауи кітапхана: дамудың перспективалы үлгілері» тақырыбында жалғасып, баяндамашылар жаңа буын кітапханаларын жаңғырту бағыттарын талқылады. Олардың ішінде «Қазақстан Республикасы Жоғары оқу орындары кітапханалары қауымдастығы» қоғамдық бірлестігінің президенті, М.Х.Дулати атындағы Тараз университетінің кітапханалық-ақпараттық орталығының директоры Г. Иржанова да бар. Ол «Жаңа жағдайдағы жоғары білім: академиялық кітапханаларға қойылатын талаптар» тақырыбында баяндама жасап, барлық кітапханаларды цифрлық жүйеге көшіру мен ұлттық стандарттарды біріздендіру қажеттігін атап өтті.
Конференция жұмысы секциялық отырыстармен жалғасын тапты.