
Жамбыл облысында тұрғын үй құрылысы қарқын алып, мыңдаған отбасы жаңа баспанаға қол жеткізуде.
Биыл өңірде 52 тұрғын үй нысанының құрылысы жүргізілуде, оның 50-і жыл соңына дейін пайдалануға берілмек. Сондай-ақ инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым бағытында 63 жоба жүзеге асырылып, оның басым бөлігі биыл аяқталады.
Облыс әкімдігі құрылыс басқармасының басшысы Ерлан Орынбаевтың айтуынша, 2027 жылға дейін өңірде 9 мың пәтерге арналған 153 тұрғын үй салу жоспарланған. Бұл көрсеткіш тұрғындарды қолжетімді баспанамен қамтудың нақты нәтижесін көрсетеді.
2024 жылы 759 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріліп, бұл өткен жылмен салыстырғанда 104,5 пайыздық өсім көрсеткен. Ал 2025 жылы 765 мың шаршы метр тұрғын үйді ел игілігіне ұсыну көзделіп отыр.
Биылдың өзінде 2 190 пәтерлік 46 көпқабатты үйдің құрылысы жүріп жатыр. Оның ішінде Тараз қаласындағы «Ұлы дала» ықшамауданында, Асқаров көшесі мен 14-ықшамауданда жаңа үйлер бой көтеруде. Қазірдің өзінде 480 пәтерлі 9 әлеуметтік тұрғын үй пайдалануға берілген.
Республикалық және облигациялық қаражат есебінен жалпы 1 415 пәтер сатып алу жоспарланып отыр. Бұл бағыттағы жұмыстар да өңірдің барлық ауданында жүйелі жүргізілуде.
Жамбыл облысында тұрғын үй құрылысы мен әлеуметтік бағдарламалардың тұрақты жүзеге асуы өңір тұрғындарының өмір сапасын арттырып, жаңа мүмкіндіктерге жол ашуда.