Жол картасы - өмір сапасын жақсартады

Жол картасы - өмір сапасын жақсартады

Amanat партиясы сайлауалды бағдарламасын жүзеге асыру жөніндегі облыстық Жол картасы бойынша мониторингілеу жұмыстары тұрақты жүргізіліп отыр. Ол үшін партияның барлық ресурстары тартылған. Облыстық жол картаның пункттеріне партия фракциясының 147 мүшесі, барлық деңгейдегі мәслихат депутаттары бекітілді.

Жол картасын іске асыруға 2025 жылы 182 миллиард теңге қарастырылған, оның ішінде жергілікті бюджеттен – 138,2 миллиард, республикалық бюджеттен – 43,9 миллиард теңге. Партияның облыстық филиалы ұйымдастыру-бақылау жұмысы бөлімінің консультанты Бахтияр Абдрамбаевтың айтуынша, партиялық бақылау бойынша биылғы 1 қазандағы есептік талдауға сәйкес 89 іс-шараның 29-ы, яғни 33 пайызы орындалып, 60-ы орындалу үстінде екен.

Бүгінде 11,5 миллиард теңгеге 275 жаңа жұмыс орнын құрайтын 6 инвестициялық жоба жүзеге асырылған. Яғни, Байзақ ауданы Үлгілі ауылында «JS GLASS» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі шыңдалған шыны шығаратын зауыт, Шу қаласында «Электровоз Құрастыру Зауыты» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі электровоздарды жөндейтін сервистік депо, Қордай ауданында «Taraz Eko Fish» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі форель өсіретін шаруашылығы және консерві цех, Мойынқұм ауданында «Аметист-2012 БР» кәсіпорны құрамында алтын бар кенді өндіру, Талас ауданында «Ескермес» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі кірпіш өндірісі және Тараз қаласында «KazGeoEnergy» кәсіпорны әктас өндірісі жүзеге асты. Сондай-ақ сайлауалды бағдарлама негізінде Байзақ ауданы Мырзатай ауылында 120 орындық, Мойынқұм ауданы Айдарлы ауылында 90 орындық және Шу ауданы Белбасар ауылында 100 орындық мәдениет үйлері пайдалануға берілді. Қордай ауданы Қарасай ауылында 120 орынды жаңа дене шынықтыру сауықтыру кешені іске қосылды.

Тараз қаласы Шөлдала алқабында 600 орындық мектеп, Байзақ ауданы Сарыбарақ ауылында 80 орындық және Жамбыл ауданы Байтерек ауылында 80 орындық мектептер пайдалануға берілді. Тараз қаласының автобус парктерін жаңарту бағытында ағымдағы жылы 47 бірлік жаңа автобус алынды. 2023 жылдан бері облыс орталығында 250 бірлік жаңа автобус алынып, меже асыра орындалып отыр екен.

Бұдан бөлек партия белсенділерінің атсалысуымен 2 жастан 6 жасқа дейінгі балаларды мектепке дейінгі мекемелерде сапалы білім және тәрбиемен қамту үлесі 95 пайызға жеткен. Кәсіпкерлік сала бойынша жұмыс істеп тұрған шағын және орта кәсіпкерлік субъектілер саны 105 096 бірлікті құрап, жұмыспен қамтылған адамдар саны 166 345 адамға жетті. Ал партия фракциясының жұмысы бойынша есептік кезеңде барлық деңгейдегі депутаттық фракциясының 38 отырысында 32 рет Жол картасының орындалу барысы қаралған. Оның қатарында, облыс әкімінің партияның Сайлауалды бағдарламасын іске асыру бойынша өңірлік Жол картасының 2024 жылға қарасты көрсеткіштерінің қорытындылары туралы есебі тыңдалып, жасанды интеллект туралы заң жобасы да талқыланды. Сондай-ақ облыс әкімінің бірінші орынбасары Нұржан Календеровтің партияның Сайлауалды бағдарламасын іске асыру бойынша өңірлік Жол картасының 2025 жылға қарасты көрсеткіштердің 6 айда орындалу барысы туралы есебі де тыңдалды.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына арнаған Жолдауынан туындайтын міндеттер және Сайлауалды бағдарламасы аясында Жамбыл облысы бойынша тұрғын үй құрылысы, жер учаскелерін инфрақұрылыммен қамтамасыз ету мәселесі туралы есебі тыңдалды.

– 1 қазандағы есепке сәйкес 9 кеңестің 33 отырысы өткізіліп, 57 мәселе қаралып, 346 ұсыныс әзірленді. Сайлауалды бағдарлама аясында өткен жылдың қорытындысымен өңірлік Жол картада 2 тармағы орындалмады. Яғни, жобалық сметалық құжаттаманың созылуына байланысты Жуалы ауданындағы «Теріс Ащыбұлақ» және Қордай ауданындағы «Қарақоңыз» су қоймаларын реконструкциялау жұмыстарын жүргізу үшін жобалық-сметалық құжаттаманы әзірлеуге республикалық бюджеттен 92,7 миллион теңге бөлінген. Жобалық сметалық құжаттарын әзірлеу аяқталды, «Мемсараптама» республикалық мемлекеттік кәсіпорнынан өтті. «Теріс-Ащыбұлақ» су қоймасын реконструкциялау құны – 6 миллиард 653 миллион теңге, «Қарақоңыз»су қоймасын реконструкциялау құны – 17 миллиард 344 миллион теңге. Ислам даму банкі есебінен қайта жаңғырту жоспарлануда. Тапсырыс беруші – Су ресурстары және ирригация министрлігі. Қазіргі таңда мердігерді анықтау бойынша конкурстық іс шаралар жүруде, – дейді Жол картасы бойынша алынған ақпаратты алдыға тартқан Бахтияр Абдрамбаев.

Ал құрылыс жұмыстарының кеш басталуына байланысты Шу қаласының «Жетісу» тұрғын үй аумағында 80 пәтерлі тұрғын үйдің құрылысына облыстық бюджеттен 400,0 миллион теңге бөлінген. Мердігер – «SHEBERBUILD» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Қазіргі таңда, қосалқы мердігер «ABU Construction» серіктестігімен келісімшарт жасалып, нысанда су және электрмен жабдықтау жұмыстары аяқталыпты.

Бұдан бөлек, нысан басында негізгі тығыздау жұмыстарын жүргізіп, зерттеу сараптамасының қорытындысы да алынған. Арматура каркасы бірінші қабатта толық тоқылып, ірге тас қоршауы құрастырылып, бетон құю жұмыстары екінші блокта басталыпты. Жасалған жұмыстардың көлемі – 56 миллион 593 мың теңге.

Жалпы, биылғы жылға 1537505 мың теңге қарастырылған, құрылыс жұмыстары тоқтап тұруына байланысты құрылысқа тек 200 миллион теңге бөлініп қалған қаржы кері қайтарылыпты. Осыған орай бас мердігердің есепшоты бұғатталып, экономикалық сотқа қыркүйек айында келісімшартты бұзу туралы талап арыз беріліпті. Ал мұнда құрылыс жұмыстарының тек 25 пайызы аяқталған. Партияның облыстық филиалы ұйымдастыру-бақылау жұмысы бөлімінің консультанты Бахтияр Абдрамбаев жыл соңына дейін Жол картасы бойынша бақылауда тұрған нысандардың барлығы партия белсенділерінің тарапынан қатаң қадағаланатындығын алдыға тартып отыр.