Ғылымға келіп көш бастаған ғалым

Ғылымға келіп көш бастаған ғалым

Қазақстанның ғылым және білім беру саласының дамуына зор үлес қосқан көрнекті ғалым, педагогика ғылымдарының докторы, физика-математика ғылымдарының кандидаты, профессор, бірнеше халықаралық академиялардың академигі Есен Ықыласұлы Бидайбеков 80 жасқа толды. Оның ғылыми-педагогикалық қызметі ақпараттық технологияларды білім беру жүйесіне енгізу, информатика пәнін мектеп пен жоғары оқу орындарының бағдарламаларына қосу, осы салада ұлттық ғылыми мектеп қалыптастырумен тығыз байланысты.
Ғалымдық жолын математикалық физика саласынан бастаған Есен Бидайбеков 1970 жылдары КСРО Ғылым академиясының Сібір бөлімшесінде академик М. Лаврентьев пен В. Романовтың жетекшілігімен аспирантурада білім алып, кандидаттық диссертациясын сәтті қорғады. Бұл кезеңде ол кері есептер теориясы бойынша ғылыми зерттеулер жүргізіп, ғылыми қауымдастықтың назарын аударды.
1980 жылдардың ортасынан бастап Есен Ықыласұлы білім беруді ақпараттандыру бағытына бет бұрды. 1985 жылдан бастап еліміздің мектептеріне «Информатика және есептеуіш техника негіздері» пәнін енгізуге белсене атсалысты. Ғалымның бастамасымен дайындалған оқу бағдарламалары мен әдістемелік құралдар негізінде бұл пән ресми түрде оқытыла бастады. Оның қазақ тілінде оқытылуы – еліміздің білім беру жүйесіндегі маңызды жетістіктердің бірі болды. Есен Бидайбековтің жетекшілігімен алғаш рет қазақ тілінде информатика пәнінен оқулықтар мен әдістемелік құралдар жарық көрді.
Ғалым ұзақ жылдар бойы Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің информатика және білімді ақпараттандыру кафедрасын басқарды. Осы кезеңде ол өзінің ғылыми мектебін қалыптастырып, ондаған ғылым кандидаттары мен докторларын дайындады. Олардың көпшілігі бүгінде еліміздегі және шет елдердегі жетекші жоғары оқу орындарында қызмет атқарып жүр. Есен Ықыласұлының бастамасымен «Информатика және ағылшын тілі», «Информатика және экономика», «Информатика және ақпараттық қауіпсіздік» сияқты жаңа мамандықтар ашылды. Сонымен қатар, университетте «Білімді ақпараттандыру және білім технологиялары мәселелері» халықаралық ғылыми зертханасы мен «Педагогикалық STEM-парк» орталығы құрылды.
Ғалымның ғылыми еңбектері шетелдік ғылыми ортада да жоғары бағаланды. Оның зерттеулері мен мақалалары АҚШ, Польша, Жапония, Түркия, Ресей және басқа да елдерде жарияланып, халықаралық ғылыми конференцияларда кеңінен танылды. 1998 жылы Мәскеуде докторлық диссертациясын сәтті қорғап, Ресей білім академиясының толық мүшесі атанды.
Есен Бидайбековтің ерекше еңбектерінің бірі – ақпараттық ғылымды қазақ тілінде дамыту. Оның авторлығымен және редакторлығымен шыққан оқулықтар мен әдістемелік құралдар – осы салада ұлттық терминологияны қалыптастыруға үлкен үлес қосты. Бұл еңбектер информатиканы оқытудың ғылыми және әдістемелік негіздерін жасауға көмектесті.
Бүгінде 80 жасқа толып отырған Есен Ықыласұлы ғылыми қызметін жалғастырып келеді. Ол қазіргі заманғы ғылыми жарияланымдарды үзбей қадағалап, жас мамандар мен әріптестеріне тәжірибесімен бөлісіп отырады. Оның ғылыми идеялары мен әдістемелік тәсілдері қазіргі цифрлық қоғам жағдайында өзектілігін жоғалтқан жоқ.
Есен Бидайбеков – Қазақстанда білімді ақпараттандыру ісінің іргетасын қалаған ғалымдардың бірі. Оның бастамалары мен еңбектері еліміздің ақпараттық сауатты ұрпағын тәрбиелеуде маңызды рөл атқарды. Қалыптастырған ғылыми мектебі бүгінде өз жұмысын жалғастырып, жаңа буын зерттеушілер мен ұстаздарға жол көрсетіп отыр.