Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың халыққа арнаған Жолдауында ауыл шаруашылығын әртараптандыру мен агроөнеркәсіп кешеніне инвестиция тартудың маңызы ерекше айтылды. Жамбыл облысында бұл бағытта нақты жұмыстар қолға алынып, биыл агроөнеркәсіп кешенінің негізгі капиталына 14 миллиард теңге инвестиция тартылды. Оның 10,1 миллиард теңгесі ауыл шаруашылығына, 3,9 миллиард теңгесі тамақ өнеркәсібіне бағытталған. 2025–2027 жылдар аралығында 235 миллиард теңгеге 20 ірі инвестициялық жоба іске асырылып, 1 770 тұрақты жұмыс орны ашылады деп жоспарлануда.
Сүт өнімдері өндірісінде бірнеше ірі жобалар іске қосылуда. «Момбек» шаруа қожалығы 612 басқа арналған заманауи сүт фермасын салуда, ал «Азнур Агро», «Нұрлыжай» және «Қайсар» шаруашылықтары 400-450 басқа арналған фермаларды қолдауда. Бұл жобаларға 700 миллионнан 2 миллиард теңгеге дейін қаржы бөлінді. Сонымен қатар, көкөністі ұзақ сақтау үшін заманауи қоймалар салынып жатыр. «TRZ Agro», «ALIZA», «Тараз-ЦементСтрой» сияқты кәсіпорындар қоймалардың сыйымдылығын арттыруға үлес қосуда.
Ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу саласында да белсенділік байқалады. «Rich Gold» алма шырынын өндіру жобасын, «Кемер Агро» тыңайтқыш өндірісін, «Нұрлыжай» сүт өңдейтін зауытын және «NOMAD AQUA INVEST» балық жемін өндіру жобасын жүзеге асыруда. Сондай-ақ, суды үнемдеуге бағытталған жобалар да қолға алынған. Мысалы, «Жетібай» шаруа қожалығы 700 миллион теңгеге су үнемдеу технологиясын енгізуде, бұл суды тиімді пайдалануға септігін тигізеді.
Мал шаруашылығына ерекше көңіл бөлініп, өңірдегі ауыл шаруашылығы өнімдерінің 40%-дан астамы осы салаға тиесілі. Сиыр еті өндірісі 29,9 мың тоннаға жетіп, өңір өзін-өзі 122,8 пайызға қамтамасыз етуде, алайда оның тек үштен бірі ұйымдасқан шаруашылықтардан келеді. Осыған байланысты мал бордақылау алаңдарын дамыту мақсатында 5%-дық несиелеу бағдарламасы іске қосылды. Қазіргі таңда екі ірі шаруашылық 900 миллион теңгеге дейін несие рәсімдеуде. Қой шаруашылығы да қарқынды дамып келеді, өткен жылы 2 мың тоннаға жуық қой еті экспортталды. Меркі ауданында 5 мың малға арналған бордақылау алаңы салынып жатыр.
Құс шаруашылығында да өсім бар. «Әулие-ата Феникс» және «Алель Агро» кәсіпорындарының қуаттылығы 26 мың тоннаға дейін артты. «Гәкку құс» ЖШС жылына 10 миллион балапан өндіретін репродуктор құрылысын қолға алған. Биыл өңірдегі құс еті өндірісі 25%-ға өсуімен 26 мың тоннаға жетеді деп күтілуде. Алдағы бес жылда бұл көрсеткіш 55 мың тоннадан асып, құс етінің өндірісі жыл сайын артпақ.
Экспорт та қарқынды өсуде. Биыл облыстан 3,6 мың тонна сиыр еті, 1,8 мың тонна қой еті, 1 мың тонна құс еті және 610 тонна шұжық өнімдері ТМД елдері мен Араб Әмірліктері, Катар, Иран, Сауд Арабиясына жөнелтілді. Сонымен қатар, қытайлық инвесторлармен жылына 1 миллион тонна жүгері өңдейтін зауыт пен қант қызылшасын өңдейтін зауыт салынуда. Бұл жобалар өңірдің аграрлық әлеуетін арттырып, 1 500 тұрақты және 4 500 уақытша жұмыс орнын құруға септігін тигізеді.
Жамбыл облысында іске асырылып жатқан барлық жобалар ауыл шаруашылығының түрлі салаларын қамтып, ішкі нарықты отандық өніммен қамтамасыз етуге, экспортты ұлғайтуға және ауылдық жерлерде тұрақты жұмыс орындарын құруға бағытталған.