Жамбылдық оқушылар АҚШ-тан жүлделі оралды

Жамбылдық оқушылар АҚШ-тан жүлделі оралды

2025 жылғы 25–31 шілде аралығында Нью-Йорк қаласындағы Колумбия университетінде VI Халықаралық Copernicus математика олимпиадасы өтті. Бұл беделді білім додасына әлемнің 24 елінен 600-ге жуық оқушы қатысты. Олардың қатарында Жамбыл облысының оқушылары да болды.

Copernicus олимпиадасының форматына онлайн іріктеу кезеңі кіреді. Бұл кезеңде оқушылар қашықтан математика есептерін шешіп, ақтық кезеңге жолдама алады. Ал финалдық Global Round кезеңіне арнайы шақырылған қатысушылар келіп, өзара бәсекеге түседі.

Олимпиададан бөлек, ұйымдастырушылар қатысушылар үшін экскурсиялар мен түрлі мәдени шаралар ұйымдастырды.

Халықаралық білім бәйгесінің ақтық кезеңінде Жамбыл облысының намысын 14 оқушы қорғады. Олимпиада нәтижесінде олардың 11-і жүлделі орынға ие болса, 3 оқушы қатысқаны үшін алғыс хатпен марапатталды.

Күміс медаль мен II дәрежелі дипломға дарынды ер балаларға арналған «Білім-Инновация» лицей-интернатының оқушылары Мирас Мирдадаев пен Ахмет Ибрагим ие болды.

Қола медаль мен III дәрежелі дипломды Тараз қаласындағы Әл-Фараби атындағы мектептің оқушылары Алимжан Қонысбай, Рахман Сандыбаев, Нұрасыл Шамшаддин, Біржан Қонысбай мен Ахан Дастан, сондай-ақ «Білім-Инновация» лицейінің оқушылары Ибрагим Абдулла мен Әбілмансұр Охасов, Айша бибі атындағы дарынды қыздарға арналған «Білім-Инновация» лицейінің оқушысы Айым Нұрлан, Байзақ ауданы Қостөбе ауылының орта мектебінің оқушысы Ернар Олжасұлы жеңіп алды.

Қатысқаны үшін алғыс хаттармен Әл-Фараби атындағы мектептің оқушысы Сабыр Расул, «Білім-Инновация» лицейінің оқушылары Мұслим Чаранов пен Асет Сұлтан марапатталды.