Меркі ауданына пресс-тур: ауданның әлеуметтік және өнеркәсіптік әлеуеті таныстырылды  

Меркі ауданына пресс-тур: ауданның әлеуметтік және өнеркәсіптік әлеуеті таныстырылды   

2025 жылғы 1 тамызда Жамбыл облысы әкімдігінің ақпарат және  қоғамдық даму басқармасының ұйымдастыруымен өткізіліп жатқан пресс-тур Меркі ауданында жалғасты. Өңірлік бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері ауданының маңызды әлеуметтік және өнеркәсіптік жобаларымен танысты.

Іссапардың мақсаты – тұрғындардың әл-ауқатын арттыратын бастамалардың жүзеге асу барысымен таныстыру.

Журналистер алдымен Белсенді ұзақ өмір орталығының жұмысымен танысты. Мекеме өз жұмысын 2024 жылы жұмысы бастаған. Орталыққа бір күнде 60 -тан аса ата - әже келіп, уақыттарын тиімді өткізе алады. Мұнда әлеуметтік көмектің жеті түрі көрсетіледі. Ең бастысы - барлық қызмет түрлері тегін. Аталған орталық аймақ аудандары бойынша тек Меркі ауданында бар.

Одан соң БАҚ өкілдері Меркі ірімшік зауытында болды. Кәсіпорынның тарихы 1936 жылдан бастау алады. 1954 жылы зауыттың жаңа ғимараты салынған. Кеңестік дәуірде зауыт тәулігіне 100 тонна сүт өңдесе, бүгінде  12-15 тонна сүт өңделеді. Мекемеде 92 адам тұрақты еңбек етуде. Кәсіпорында ірімшіктің 30-дан астам түрі бар. Өнімдер еліміздің 4 қаласына және өңірдің барлық дүкендеріне тасымалданады. Кәсіпорын былтыр 90 тонна ірімшік, 65 тонна май өнімдерін шығарған.

Пресс-тур «Ұшқын» жастар денсаулық орталығында жалғасты. Мекеме 50 келушіге арналған. Мұнда жастар денаулығына қажетті негізгі  дәрігерлік бөлмелер қызмет етеді.

Бұдан соң, БАҚ өкілдері Сүйіндік шатқалында салнып жатқан су электр станциясының құрылысымен танысты. Жобаның жалпы құны 14,8 млрд. теңгені құрайды, инвесторы - «ТАРАЗ ГРИНПАУЭР ДЖЕНКО» серіктестігі.  Құрылыс алаңында 60-қа жуық жұмысшы еңбек етуде. Аталған нысанды 2027 жылы іске қосу жоспарланған, бұл жылына 84 мың МВт/сағат электр қуатын өндіруге мүмкіндік береді.